Бұдан былай квазимемлекеттік субъектілер мен жеке кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өз жобасын ұсына алады. Қазір Үкімет тиісті «жол картасын» əзірлеу үстінде. Құжат наурыз айына дейін бекітіледі. Бұл жөнінде елорда əкімдігінде өткен жиында Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов мәлімдеді. Айтуынша, «Жол картасы» арқылы барлық аудандардағы барлық сала өкілдері мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болады. Бүгінгі күннің өзінде 102 жоба қарастырылып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы» заңға Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың 31 қазанында қол қойған. Заңның өзектілігі Елбасының «Ұлт жоспары - Қазақстан болашағына бастайтын жол» атты мақаласында да айтылған.
Нұрлан Шоқпарбаев, ҚР Ұлттық экономика министрлігі департамент директорының орынбасары:
Жаңа заң жобасы шеңберінде 102 жоба қарастырылып отыр. Олар 2-3 жыл ішінде жүзеге асады деп көздеп отырмыз. Өңірлік деңгейде жобалар 8 миллиардтан аспайды. Одан жоғары болса, үкіметтік деңгейдегі жобалар болып саналады.
Айта өтейік, 102 жобаның 8-і республикалық деңгейде. Олардың ішіндегі ірілері Алматының айналма жолы жобасы, Шымкент қаласындағы 1500 адамға арналған түзету мекемесі мен Семей қалаласындағы балалар ауруханасы. Заңға жаңа принциптер енгізудің қажеттілігі Елбасының "Ұлт жоспары - Қазақстан болашағына бастайтын жол" атты мақаласында жақсы көрсетілген",- дейді сарапшылар. Айтуларынша, жеке кәсіпкер бұдан ұтылмайды. 5-10 жыл ішінде инвестициялық шығындары түгел қайтарылады.
Айдос Көбетов, мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының сарапшысы:
Елбасымен және үкіметпен қойылған негізгі мақсат - биылғы жылы 5 жобаға дейін әр өңір жүзеге асыруы қажет. Кез-келген объектіні 3 жылдан 30 жылға дейін басқаруға құқылы жекеменшік тарап. Ал қайтару мерзімі сол жобаның қайтарылымдығына байланысты, қаражаттың салымына байланысты әртүрлі уақытта қайтарылады. 5 жыл, 10 жыл және тағы да басқа уақытта қайтарылады.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА