Керекуде тұңғыш рет Ертіс күні атап өтілді. Негізінен күнтізбеде мұндай күн белгіленбеген. Бірақ, ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қоғам белсенділерінің қолдауымен бірегей мерекені сән-салтанатымен тойлады.
Ертіс өзенінің қазіргі жағдайын ескерген ұйымдастырушылар, мерекені экологиялық шарадан бастады. Жергілікті кәсіпкерлер, журналисттер, шенеуніктер мен студенттерден құралған топ алдымен өзеннің арнасын тазартты. Мұнан соң шараның басты тартуы - қайықтар шеруі өтті. 20-дан астам су көліктері Ертіс өзенінде кәдімгі шоу ұйымдастырды. Ал жағажайдағы мерекеде тұрғындар суретшілер мен қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін аралап көрді. Сондай-ақ, Керекудің шығармашылық топтары дайындаған концертті тамашалады.
Айта кетерлігі, Ертіс күні мерекесін өткізуге «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігі ұйтқы болды. Және мұндай шара Қазақстан тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Александр Вервекин, «Павлодар география үйі» ҚБ директоры:
Ертіс күні мерекесін тойлау арқылы, өзеннің сұлулығы мен облысымыз үшін маңыздылығын көрсеткіміз келді. Бірақ, негізгі мәселе - оның қазіргі жағдайы, экологиялық ахуалына бұқараның көңілін аудару болатын. Ертіс сіз бен біздің қамқорлығымызға мұқтаж. Сондықтан, біз оны қорғауға міндеттіміз.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ