Ресейде жанар-жағармайдың көтерме бағасы бір апта ішінде бір жарым есеге аспандап кетті. АИ-92-нің ендігі құны тоннасына 41 мың 870 рубль, деп хабарлайды «Коммерсант» газеті.
Мұнай компаниялары бағаның шарықтап кеткендігін Ресей мен Белоруссиядағы ірі жанар-жағармай құю бекеттеріндегі жөндеу жұмыстарымен түсіндіріп отыр. Ал энергетика министрлігі мұнай компанияларын шілде мен тамызда бензин өндірісін азайтқандығы үшін айыптаса керек. Сұйық отынның ішкі нарыққа кіргізілуі де 280, 290 тоннаға дейін қысқарғаны байқалуда. Федералды монополияға қарсы қызмет де бар кінәні мұнай компанияларынан көріп отыр. Олардың айтуларынша, компаниялар мұны әдейі істеуде. Әзірге антимонополия қызметі мұнай бағасын бақылаумен ғана шектелді.
Алайда, ведомство басшысы Игорь Артемьев мұнай бағасын ұстап қалуымыз да мүмкін деп мәлімдеді. Десе де, федералды статистика қызметінің берген соңғы мәліметі бойынша моторлы отынның бағасы түспей отыр. Қаңтар мен тамыз аралығында ол 5,3 пайызға өсті.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА