Өскеменде қарттарды тонап келген қылмыскерлер ұсталды

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2014

Қарттарды тонаған өскемендік алаяқтар жазадан сытылмады. Екеулеп 36 рет қылмыс жасағандар 4 жыл 8 ай арқалады. Олар жасы егде тартқандардың үйлерін аралап, электр құрылғыларын тегін ауыстыруға уәде берген. Пысықайлардың бірі жалған құжатты рәсімдегенсіп жатқан уақытта, екіншісі қариялардың үйін тінтіп барын сыпырып отырған. Жарты жылдың ішінде қалталарын қампайтқандар пәтер алып, көлік ауыстырумен болыпты. Айыптылар сот алдында кінәларын толық мойындап, жиған-тергенін зейнеткерлерге таратып беруге сөз берді.

Алайда сот тәркіленген дүние-мүлікті мемлекет пайдасына жаратуды жөн көрді. Бұған зардап шегушілердің өкпесі қазандай. Олар осымен екі мәрте тоналдық деп отыр. Енді зейнеткерлер сот шешіміне қарсы шағым түсірмек.

Виктор Ковалев, зардап шегуші:

Өмірімде мұндай бірінші рет болып отыр. Ешкім ренжітпеген еді. Боқмұрындар кеп самайым ағарған кезде осылай еткені жүрегіме батты.

Бақытбек Қарымсақов, Өскемен қалалық прокурорының орынбасары:

Қылмыскерлерді бас бостандығынан айырдық. Жазасын өтеушілер сонда жұмыс істеп, зардап шегушілердің қаражатын қайтара алады.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА