Дәніккеннен құныққан жаман. Батыс Қазақстан облысында жанармай құю стансалары АИ-92 маркалы бензинді қымбат бағамен сатқан. Айта кетелік, Үкімет бекіткен баға бойынша, бензиннің бұл маркасының құны 128 теңгеден аспауы керек. Бірақ бұл қаулыға пысқырмаған Теректідегі май құю бекеті АИ-92 бензинін 145 теңгеден, ал Зеленов ауданындағы жанармай бекеті 140 теңгеден сатқан. Кәсіпкерлік нысандарды тексеруге мораторий жариялануына байланысты, енді олардың ісімен Бас прокуратура айналысады.
Ал Батыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының өкілдері өңірде жанармай қоры жеткілікті дейді. Тек ресейлік жүргізушілер Оралдан арзан бензинді көптеп сатып алғандықтан, аймақта жайсыз жағдай орын алды деп түсіндіруде. Сондықтан бензиннің сыртқа шығуына қатаң тыйым салынған. Айта кетелік, Батыс Қазақстан облысында күн сайын АИ-92 бензинінің 300-дей тоннасы тұтынылады.
Рыспай Өтешев, БҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:
Антимонопольный комитет, АРЕМ, солар бақылап отырады. Жаңағыдай арыз түскеннен кейін, олар сол орнына шығады. Сонан кейін барып айыппұл салады. Фирма "Әлімде" баға көтерілгені үшін, айыппұл салынды - 10 АЕК.
Еркін ҚАРИН