Шымкентте балалары індет жұқтырған ата-аналар перзентін емдетуден бас тартып жатыр. Осыған орай "Балаларды СПИД-тен қорғайық" қоғамдық қорының жетекшісі прокуратураға шағым-хат жолдады.
Жаннета Жазықбаева, «Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қорының президенті:
Екі бірдей ата-ана баласына вирусқа қарсы дәріні ішкізбей қойған. Олардың тиісті емді үзуіне байланысты прокуратураға арыздануыма тура келді. Өйткені науқас балалардың өміріне қауіп төніп, дәріні уақытылы қабылдамағасын, сырқаты асқына бастаған. Өкінішке орай, кейбір аналар баласының ауыр індетке шалдыққанына әлі де сенгісі келмей жүр.
Мамандардың айтуынша, ВИЧ жұқтырғандар антиретровирусты терапияны өмір бойы қабылдауы тиіс. Үзбей дәрі ішу үлкендердің өзіне оңай емес. Ал жеткіншектер үшін бұл тіпті ауыр. Ата-аналар кішкентай баласының көңілін жықпай, ішкісі келмеген дәрісін бермей қоя салады. Ал бұдан баладағы ауыр індет асқынып кетеді.
Австриялық мамандардың қатысуымен өткен арнайы жиында осы және өзге де мәселелер айтылды. Дәл осы кесел бойынша кеңес беріп жүрген шетелдік білікті дәрігерлер бірінші кезекте індет жұқтырған жасөспірімдердің ем қабылдаудағы қызығушылығын арттыруға кеңес беріп отыр. Ал құзырлы орын өкілдері қазір қоғамдық қор тарапынан түскен арыздың негізінде тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ