Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда шаңырағына өнер дарыған отбасы тұрады

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2014
  • 3873

Таразда шаңырағына өнер дарыған отбасы тұрады. Малдыбаевтар  әулетінің отағасы Аман қария 40 жылдан бері қолынан қара домбырасын тастаған емес. Жастайынан музыкаға жаны құмар ол, балаларын да өнерге баулып келеді. Бірлігі мен сыйластығы артқан жанұя жуырда ғана облыста өткен отбасылық ұлттық сайыста жүлдегер атанды. Аймақтағы әріптесім бақытты отбасында болып, олардың өнерін тамашалап қайтты.

Күнделікті саз сабақтарын тәмәмдаған отбасы түгел дастархан басына жиналған сәт. Кешкі ас - керемет көңіл-күй сыйлайды. Малдыбаевтар алдағы концерттерінің жоспарын пысықтауды да ұмыт қалдырмады. Бұйырса, әкелі-балалы өнерпаздар Әулиеата жұртына әсем әуезді күй тарту етпек.  Отағасы Аман Малдыбаев кәсіби күйші. Қазақ музыкасының «Алтын қорына» енген «Көне Тараз» күйінің авторы.

«Көне Тараздан» бөлек, «Жалын кешкен», «Жастар маршы», «Алданған арман» т.б. әндердің де авторы. Қазіргі қазақ эстрадасындағы бірнеше өнерпаз әншінің де ұстазы.

Аман Малдыбаев, күйші-сазгер:

Әкем мен анам екеуі де ақын болған кісілер. Бір бірін айтысып отырып, жеңіп алған. Анамның өзі айтатын: «Сенің әкең күшті ақын болатын. Мен жеңілгеннен кейін күйеуге шыққан болатынмын», - деп. Сондықтан да өз балаларыма іште жатқанда күй тыңдаттым, симфония тыңдаттым.

Осылайша құрсақта жатып-ақ әсем әуезге ұйыған ұлдары бүгінде бір-бір музыкант. Үлкен ұлы  - Әлібек түрлі аспаптарды еркін меңгерген. Арнайы саксофон курсын тамамдады. Оған қоса, Тараздағы би ансамбіліне жетекшілік етеді. 

Әлібек Малдыбаев:

Мені енді өнерге баулыған тікелей әкем десем болады. Одан қала бере, әжемнің бірінші немересі болған соң, сол кісіге еркелеп, сол кісінің  аңыз-әңгімелерімен өскен жайымыз бар.

Ал кіші ұлдары Қазыбек Алматыда. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті, қобызшы. Ортаншы ұлы - Рүстем тікелей әке жолын қуып, домбыра аспабын 10 жылдан аса  жанына серік еткен. Одан бөлек, поэзияға жаны жақын.

Рүстем Малдыбаев:

Әнші, бұл-бұл дала-дастан, Жырға сусап тербелдік бала жастан. Кәусәр бұлақ еркелеп ғашық еткен, Ақын бар ма қазағым сенен асқан.

Отанасы да өнерден кенде емес. Салтанат Қосаева - Жамбыл облыстық қазақ драма театрының қызметкері. "Жаны нәзік, жаратылысы биязы өнерпаздарға жақсы жар, аяулы ана болу - өте талғампаздықты қажет етеді", - дейді ол. 

Данияр Әлімқұл, тілші:

Мінекей, музыкаға маманданған Малдыбаевтар отбасы - бүгінде өңірімізге белгілі өнерпаздар. Домбыраның күмбірі, саксофонның сыңғыры, одан қалса, дауылпаз, шаңқобыз, қылқобыздың құлақ құрышын қандырар қоңыр үні, әсем әуезін осы әулеттен табасыз. Өнердің өр биігінде шаршамай жүрген шаңыраққа біз тек шығармашылық табыстар тілейміз.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ