10 жыл күн көзін көрмеген соғыс ардагері, бүгін алғаш рет далаға шықты. Ауыр дерттің салдарынан төсек тартып жатқан петропавлдық әжейдің сыртқа шығуы мұң болған еді. 90 жастағы Галина Павлюченкова үшін бұл күн ерекше болды.
Әжейдің арманын мектеп оқушылары жүзеге асырды. 3 жыл бұрын құрылған «Атамұра» ұйымының мақсаты - қарияларға қол ұшын созу. Тимур жасағының сапында 50-ге жуық бала бар. Галина Павлюченкова жасөспірімдердің игі ісіне алғысын білдірді. Ардагер сұм соғыста медбике болып жұмыс істеген. Соңғы жылдары денсаулығы сыр берген ол, төсекке таңылады. Кейуананың балалары Петропавлда тұрады.
Алайда, ол қазір сіңлісі Зинаида Павлюченкованың қолында. Оның да жағдайы мәз емес. Әжей «үй шаруасымен айналысудың күннен күнге қиындай түскенін» айтады. Көмекке келген қайырымды балаларды көріп, қарт ананың қуанышында шек болмады.
Галина Павлюченкова, Ұлы Отан соғысының ардагері:
Далаға шығу ең үлкен арманым еді. Жаздың не екенін де ұмытып қалдым. Бұлай өмір сүру өте қиын. Балаларға үлкен рақмет айтамын. Апта сайын келіп тұрамыз, дейді. Ризамын оларға.
Абзал ҚҰРМАНКИН