Павлодардың бірқатар тұрғындары 500 мың мен 2 млн теңге аралығындағы қаржыға ие болады. Бұл сома бұзылуы тиіс «Строитель» саяжайының иелеріне төленбек. Өтемақы мөлшерін үш айға жуық жұмыс істеген тәуелсіз сарапшылар есептеп берді. Айтуларынша, есеп-қисап әлі де жүргізіліп жатыр. Әкімдіктегілер бұл екі жаққа да тиімді шешім болар деген сенімде. Белгілі болғандай, осы мақсатқа шаһар қазынасынан 200 млн теңге бөлінген. Бүгінде 60 саяжайдың иесінен өтініш түсті. Оның 25-і жер телімін қайтару жөніндегі келісімге қол қойған. Берілетін қаржы осы айдың ішінде аударылмақ.
Азамат Бәйтенов, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
500 мың дегеніміз бұл саябақта үй салынбаған және ағаш отырғызылмаған саябақ. Ең жоғарғы бағамыз 2 млн асқандар олар жарамды үйі салынған, сонымен қатар көкөніс өсірілген, ағаш отырғызылған және жөнге келтірілген саябақтар осы бағамен қарастырылды.
Алайда телім иелерінің бұл мәселеге қатысты пікірі екіге жарылып тұр. Біреулер үшін саяжай тек тынығу орны болып табылса, енді бірі тіршілік көзіне айналдырған. Зейнеткерлердің айтуларынша, өсірілген көкөністер мен гүлдерден олар күнделікті ас-суын айырып отыр.
Зейнетақымыз ештеңеге де жетпейді. Сондықтан жаз бойы салған анау-мынауымызды сатып, күн көреміз. Енді аядай жерімізден айрылсақ, білмейміз не боларын?!
Компенсацияның көлемі қандай боларына байланысты. Мысалы, мен саяжайымды 2 мың АҚШ долларына сатып алдым. Егер бұл сома қайтарылса, онда келісемін.
Осыдан бірер ай бұрын қала билігі 510 саяжайды сүру туралы шешімді жариялаған. Қаланың Бас жоспарына сәйкес бұл аумаққа жаңа «Достық» тұрғын-үй кешені салынады деп жоспарланып отыр. Халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілгенмен, саяжай иелері жергілікті әкімдіктің әрекетіне қарсы шыққан. Олардың өтемақы көлеміне көңілі толмады. Саяжай учаскесіне баспана тұрғызып алған кейбір қожайындар үй-жайсыз қаламыз деп алаңдайды.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ