Аса қауіпті індет - Эболаға байланысты Қазақстанның барлық әуежайларында қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Қазір шет елдерден келушілер жаппай карантиндік-санитарлық тексерістен өткізілуде. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасаған «ҚазАқпарат» хабарлады.
Эбола дертінің негізгі белгілері - дене қызуын анықтау үшін әуежай ғимараттарында арнайы құрылғылар пайдаланылуда. Әзірге инфекциялық аурулардың белгілері анықталған жоқ. Сондай-ақ, ауру ошағы - Батыс Африка елдеріне баруға виза алған қазақстандық азаматтар бойынша мониторинг жүргізілуде.
Айта өтейік, Африканың батысында, яғни Гвинеяда, Либерияда, Сьерра-Леоне және Нигерияда биыл Эболадан кем дегенде 2 мыңнан астам адам көз жұмды. Әзірге аурудың дауасы табылған жоқ. Ал дертке шалдыққандар бірінен соң ажал құшып жатыр. Індетті жұқтырғандар саны күн сайын артуда. Соңғы дерек бойынша 4 мыңнан астам адам Эболаға шалдыққан.
Илхам ИБРАГИМ