Қоғам белсенділері ірі жанармай компаниясының павлодарлық филиалын сотқа берді. Экологтардың пікірінше, кәсіпорынның Ертіске жақын орналасқан мұнай базасы жер асты суларын ластап, өзенге зиянын тигізуде. "Арнайы жүргізілген зертханалық сараптама осыны көрсетті", - дейді олар.
Компанияның мұнай базасы "Реченка" саяжайы маңында орналасқан. Экологтар алдымен осы аумақтағы құдықтардан сынама алады. Қорытынды көңіл көншітерлік емес. Судағы мұнай өнімдерінің концентраты 10 есе, ал Ертіс өзенінде 4 есе артық екені анықталды. Мұнан соң облыстық экологиялық департаменті де тексеру жүргізген. Құзырлы орган заң бұзушылықтардың барын растап, кәсіпорыннан жедел түрде олқылықтарды жоюды талап етті.
Алайда серіктестік жүргізілген сараптама нәтижесімен келіспейді. Өз кезегінде, кәсіпорын қарсы шағым түсірді. Жағдайдың бұлай құбылуына қоғам белсенділері алаңдаулы. Сот процессі ұзаққа созылса, экологиялық ахуалдың күрделене түсері анық дейді. Сондықтан мұнай базасының жұмысын тоқтатуды талап етіп отыр.
Ержан Оразалинов, "Мир экологии" ҚБ төрағасының орынбасары:
Біз сараптамаға 8 метрлік тереңдіктегі суды алдық. Бұл ең жоғарғы жақтағы суы бар қыртыс. Бірақ тұрғындар 20 метрлік жердегі судың да лайланғанын, яғни мұнай иісін беретінін айтады. Сондықтан "Гелиос" компаниясы, Экологиялық кодекске сәйкес, жағдайды бастапқы қалыпқа келтіруге міндетті.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ