Қан қызметінде түйткілі шешілмей тұрған мәселе - ерікті донорлықты дамыту. "Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, 1000 адамға шаққанда, донор саны 50-60 болуы керек. Ал Қазақстандағы көрсеткіш 16-17-ден аспайды", - деп жазады «Айқын» газеті.
Мақалада Республикалық қан орталығы директорының орынбасары Гүлсара Бекмұхаеваның деректері келтірілген.
"Жалпы, биыл Қазақстандағы қан қызметіне - 80 жыл. Осы датаға орай, Қазақстан мен шетелдерден келген мамандар ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосып, «Қан қызметінің даму болашағы мен маңызды сұрақтарын» талқыға салды. Қазіргі кезде ең өзекті болып тұрған - қан компоненттері қауіпсіздігін және сапасын қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды. Осы бағытта елімізде соңғы 6-7 жылда үлкен жұмыстар атқарылды. Біздегі қан құрамдас бөліктерінің сапасы әлемдік талаптарға сай деп сеніммен айта аламыз. Қолданылатын құрал-жабдықтардың барлығы, донор қанын зертханалық зерттеуден өткізетін құралдар соңғы технология тілімен сөйлейді",- делінген мақалада.
Жұрағат БАМАН