Атырауда балықшылар жоспарларын орындай алмай жатыр. Ауға балықтың түспеуіне бірнеше себеп бар. Күзгі балық маусымы тамыздың ортасында ашылғанымен, ауа-райының ыстық болуына байланысты балықшылар енді ғана ау салуға кірісті. Одан бөлек, мамандар өзендердегі су көлемінің тартылып жатқанын алға тартты. Ал экологтар, балықтың көбеюіне кедергіні балықшылардың өздері жасайды деген пікірде. Тақырыпты Базаргүл Нәдірқызы тарқатады.
Атыраудың байырғы тұрғыны Санат Тілепбергенов балықшылықты 40 жылдан бері кәсіп етіп келеді. Ол осыдан ондаған жылдар бұрынғы аулаған балық көлемін сағына еске алады. Одан бері балық аулауға берілетін мөлшер 10 есеге дейін кеміген. Кәнігі балықшы балықтың азаюын өзінше топшылайды.
Санат Тілепбергенов, «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы:
Су тартылып бара жатыр. Біріншіден, балықтың кірмей қалуы да ғажап емес. Себебі, арналардың көпшілігі үкіметтің қаржысының кемуіне байланысты болған шығар, биылғы жылы өзектерді аршу, оларды тазалау, тазалау, қазу жұмыстары жүргізілген жоқ. Екіншіден - экологиядан. Жайық өзенінде су болмауына байланысты балықтар азаюда.
Ал мамандар балықтың азаюына балықшылардың өздері кінәлі деп есептейді. Өйткені, олар су маржандарына қамқорлық жасамастан, аулап, сатудан әрі аса алмай отыр.
Бисен Қуанов, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий инспекциясының басшысы:
Теңізге құятын өзендерді, кішкентай арналарды аршып, балық жүретіндей ғып, жасап отырған. Оған белгілі бір көлемде ақша шығарды. Бұрын барлығын үкімет үйлестіріп, отырды. Енді қазір бәрі жекеменшік. Кооперативтер жекеменшік. Балық аулайтын кәсіпорындар жекеменшік. Қазіргі балықшылар ол жұмыспен айналыспайды, әзір асқа ие болғылары келеді.
Санат Тілепбергенов, «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы:
Ол қаржы үлкен капиталды тілейді. Кооперативтің күші өздерін өздері әзер ұстап отырғанда ақша шығару мүмкін емес. Біз биоресурстың ақшасын төлеп отырмыз. Лимитімізді алғанда әрбір балыққа ставкасы бар әр килоға сол бойынша үкіметке ақша төлеп отырмыз. Сол ақшаны жұмсау керек қой.
Бүгінде Каспий теңізі мен Жайық және Қиғаш өзендерінде балық кәсіпшілігімен айналысатын 40-қа жуық кооператив бар. Биыл оларға 32 мың тоннаға жуық балық аулауға рұхсат берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 мың тоннадай аз. Өйткені бұған дейін шаруашылықтардың бір де бірі берілген мөлшерді толық ауламаған.
Азамат Әбіғалиев, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:
Табиғат пайдаланушылардың жалпы балық аулау көрсеткіші өте төмен. Өйткені біріншіден, табиғи құбылыстың әсері бар. Желдің күнделікті, судың кетуі, балықтың болмауы, судың төмендеуі. Бәрі қарым-қатынасты. Қазіргі таңда 49-50 пайызға жетті. Әлі мұз қатқанға дейін уақытымыз бар ғой, былтырға қарағанда жоғары орындаймыз деген үлкен сенімдеміз.
Атырауда қыркүйек басталғалы желдің жылдамдығы күшті. 15-20 метр-секундтан төмен түспей тұр. Бұл да балықшылардың жұмысына кедергі келтіруде.
Назкен Оразбекова, «ҚазГидромед» РМК Атырау филиалының синоптигі:
15-20 метр-секундына, бұл, күшті жылдамдықтағы жел болып саналады. Біздің облыс бойынша. Оңтүстік шығыс бағыттан соққан жел бір апта көлемінде тұрақтанады. Биылғы маусым басталысымен жел күшейіп, балықшылардың ау салуына кедергі келтірді.
Ал «Құрманғазы» кооперативі өзіне берілген 300 тоннадай балықтың 25 пайызын көктемде орындады. Енді мұз қатқанға дейін 75 пайызына күш саламыз деп отыр. Мұз қатқанға дейін Жайық, Қиғаш өзендері мен Каспий теңізінде тынымсыз тіршілік басталады.
Базаркүл ІЗІМОВА