Алматыда туристік фирманың 70-ке жуық клиенті полицияға арызданды

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2014
  • 1860

«Алмаз туризм» компаниясының қызметіне қатысты арызданушылар қатары 70-ке жетті. Бұл - бір ғана Алматы қаласындағы Ішкі істер департаментіне шағым түсіргендер саны. Олардың бір тобы - туристік компаниядан шетелге жолдама алып, демалуға бара алмай қалған. Ал енді бірі - Түркияға жеткенімен, қонақ үйден қуылған туристтер.

ІІД әзірге 3 деректің нақталанғанын айтты. Бүгін компания басшылығына қатысты «Аса ірі көлемде алаяқтықпен айналысу» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды. Айып расталса, туристік компания басшысы 10 жылға бас бостандығынан айрылып, жеке мүлкі тәркіленбек. Полицияның берген деректеріне сүйенсек, турфирма директоры Айнұр Бәкібаевадан жауап алынуда.

Айта кетейік, шілдеде Анталияға барған бірнеше қазақстандық турист қонақ үйден қуылды. Түрік тарапы демалысты ұйымдастырушы компания - «Алмаз туризм» тынығушылардың отель шығындарын өтейтін қаржыны аудармағанын алға тартқан.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

Алматы қаласы ІІД тергеу басқармасында «Алмаз туризм» туроператорына қатысты 70 азамат шағымданған болатын. Олардың барлық фактілері бойынша тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде қылмыстық іс қозғалды, Қылмыстық кодекстің 377-бабының 4-тармағы бойынша.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ