Қазақстанда дәрігерлердің қатары шектен тыс көбейіп кеткен сыңайлы. Өйткені медицина бағытындағы мамандықтарға бөлінетін оқу гранттары биыл бірден 500-ге кеміген. Бұл жөнінде Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Тахир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
Медицина бағытында былтырғыға қарағанда биыл 500 адамға мемлекеттік тапсырысты азайттық. Оның себебі - бүгінгі таңда экономиканың талабы солай болды, яғни басқа сұраныс жоқ дегендіктен қысқарды. Бірақ басқа бағыттағы мамандықтарда мемлекеттік тапсырыс мөлшері сол күйінде қалды.
Есесіне, техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттар саны жыл сайын артып келеді. Тек соңғы төрт жылдың өзінде аталған мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс 2000-ға дейін артқан. Жоғары дәрежелі білім алуға ұмтылғандарға да мүмкіндік молая түсті. Докторантура бойынша оқу гранттары 100, магистратура бойынша 700 адамға көбейді.
Еске салсақ, биыл 34 165 грант бөлінді. Оның 31 мыңнан астамы күндізгі оқу бөліміне, 500-і - сырттай және дайындық бөліміне қаралған. Студенттер үшін тағы бір маңызды жаңалық - 2016 жылы білім іздеген жастардың 80 пайызы баспанамен қамтылады деген жоспар бар. Биыл Қазақстанда 7 жатақхана пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оның 3-і тапсырылды, қалған төртеуін жыл соңына дейін қолданысқа беру көзделіп отыр. Келесі жылы 11 жатақхананың құрылысы басталмақ. Бүгінде студенттер тұратын жатақхананың жетіспеушілігі өткір мәселеге айналып тұрғанын салаға жауапты шенеуніктің өзі де мойындап отыр.
Тахир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
Бізде қазір жатақханаға талпынып тұрамын деп жүрген балалардың 60 пайыздан астамы қамтамасыз етілген, бірақ бұл жерде әлі де жетіспеушілік көп. Сондықтан, біз бағдарлама жасадық. «Студенттік жатақхана» деген. Биылдың өзінде 3 жатақхананы бітіріп отырмыз.
Базаркүл ОТЫНШИЕВА