«Нұр Отан», Отбасылық тәрбие институты, ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдауымен «Психологиялық көмек» республикалық конференциясы өтті

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2014
  • 2882

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен еліміздің барлық орта мектептерінде ата-аналардың «Психологиялық көмек» республикалық конференциясы өтті. Шара саяси ұйымның «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Келелі жиынға 1-ші сынып оқушыларының ата-аналары түгелдей шақырылды. Ата-аналар психолог мамандар мен тәжірибелі педагогтардың ақыл-кеңесін тыңдады. Әсіресе, балалармен жұмыс жүргізуде неге көңіл бөліп, неден тартыну қажеттігі әңгіменің өзегіне айналды. Толығырақ тілшіміз Жұрағат Баманның материалында.

Отбасы күніне орайластырылған игі шараны «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұранды ту етіп, «Нұр Отан» партиясы, Отбасылық тәрбиелеу институты мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе ұйымдастырды. Республикалық конференцияға балалары биыл мектеп табалдырығын аттаған 17 мыңға жуық ата-ана қатысты. Бала тәрбиесін алғашқы кезекке қойған елордалық ата-аналар демалыс күніне қарамастан, Астанадағы нөмірі 59-шы мектеп-лицей залын лық толтырды.

Софья Евдокимова, Отбасылық тәрбие институтының бас директоры:

Бүгін барлық ата-аналар қоғамына ерекше сый жасалды. Ол - тегін психологиялық тренинг. Шара ең алдымен ата-ана мен баланың отбасындағы қарым-қатынасын нығайтып, оқушының мектептегі тәрбиесі мен үйден алатын тәрбиесін үйлестіруге бағытталған.

Шыны керек, қазіргі уақытта ата-ана мен бала арасындағы қатынас күрделеніп барады. Бүгінгі буынның қызығушылығы да өзгерген. Сондықтан, бұл жерде арнайы мамандардың көмегі ауадай қажет. Мәселені ескерген елдің Бас партиясы өз Доктринасында отбасылық институтқа ерекше мән берді. «Отбасы - әр мемлекеттің тірегі. Оның мықты болуы - елдің қуаттылығының өлшемі». Демек, бұл іске салғырттық танытуға болмайды. Оның үстіне отбасындағы тәрбие арқылы ұлттық рух, салт-дәстүр мен құндылықтар да қалыптасады.

Самал Айтқазина, Павлодар қалалық №25 мектеп директоры:

1-ші сынып оқушыларының ата-аналарына психологиялық тұрғыда көмек көрсетуде алғашқы екі аптада өте орынды деп есептеймін. Әрине, әртүрлі жағдай болады. Психологиялық дайындығы бар балалар да, ата-аналар да болады. Болмайтын жағдайлар болады. Сол болмай жатқан жақтарын оңтайлы жолдарын тауып, орнына келтіру мақсатында осындай шара жүргізіліп жатыр.

«Психологиялық көмек» конференциясы Атырауда да белсенді өтті. Жалпы, Атырау облысында биыл 12 мыңнан астам бала бірінші сынып табалдырығын аттаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мың оқушыға көп. Олардың өміріне мектептегі жаңа талаптар, үйдегі күн тәртібіндегі өзгеріс, сыныптастармен қарым-қатынас секілді өзгерістер енеді. Бұл кезде бейімделуіне ата-ананың және оқу ордасының да қолдауы қажет. Конференция барысында осы тақырыптар әңгіменің өзегі болды.

Бақытгүл Бабаш, ата-ана:

Тәрбие жұмысы табысты болу үшін мектеп пен ата-ана арасында байланыс үзілмеу керек. Бүгін өтіп жатқан республикалық конференцияның басты мақсаты сол. Отбасы мен мектептің арасындағы қарым-қатынасқа берік іргетас қалау. Мұндай конференцияның, әсіресе енді ғана мектеп табалдырығын енді ғана аттаған балалар ата анасы үшін беретіні үлкен деп ойлаймын. Себебі, бала тәрбиесі күрделі де қиын дүние.

Конференция барысында психологиялық-әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Атап айтсақ, ата-аналарға өздерінің педагогикалық дағдыларын бағалау, тәрбиенің қандай әдістеріне сүйенетіндіктері жайлы ақпар беру ұсынылды.

Шырын Айыпбаева, ата-ана:

Бүгін осы конференцияда біз, 1-ші сынып ата-аналары, өзімізге көптеген мәліметтерді алдық. Өте көп-көп рақмет.

Жексенбілік мектеп дәрісі қызылордалық ата-аналарға да өткізілді. «Мұрагер» мектебінде 17 қалалық мектептердің бірінші сынып оқушыларының ата-аналары өздерін мазалап жүрген барлық сұрақтарға нақты жауап пен кеңес алды.

Мақсұт Баекеев, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

«Нұр Отан» партиясының саяси доктринасында өмірді өрістету, өмірін жалғастырушы бала тәрбиелейді делінген. Демек, бұл сөздің мағынасында ата-анадан басқа, ұстаздарда да осы бала тәрбиесімен айналысу арқылы өздерінің болашақ ұрпақтарын жақсы мақсатта міндеттерін қою арқылы білім беру. Екіншіден, ата-ананың да өз борышын ұмытпауын дәлелдейді.

Отбасылық тәрбиелеу институтының ұйымдастыруымен өткен конференция ұлттық ауқымда екінші рет өткізіліп отыр. Оған бір мезгілде 170 орта білім беру мектебі қатысты. Білім және ғылым министрлігі, «Нұр Отан» партиясы және педагогикалық және ата-аналар қауымы жобаның ауқымдылығын, бірегейлігін және маңыздылығын атап өтіп, оған жоғары баға берді.

Жұрағат БАМАН