Шымкентте жаңа ашылған білім ордасы «бір сыныпқа-бір оқулық» әдісімен дәріс беріп жатыр

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2014
  • 1506

Шымкентте бүтін бір мектептің оқушылары кітапсыз білім алып жатыр. 1-қыркүйек күні облыс әкімінің өзі барып лентасын қиған № 127-ші мектепте әлі күнге бір де бір оқулық жоқ. Арнамызға хабарласқан ата-аналар "балаларымыз екі аптадан бері ауызша білім алып жүр" дегенді айтты. Тіпті кейбірі оқулықтың жайы тездетіп шешілмесе, баласын бұрынғы мектебіне қайта ауыстыруға әзір.

Ләззат Қожабергенова, ата-ана:

Баламның оқып жатқанына екі апта болды, 127-ші мектепте. Біреуі 3-сыныпта оқиды, біреуі 9-сыныпта оқиды. 11-сыныпқа енді әкелдім. Үш балам да оқып жатыр осы жерде. Бірақ кітап жоқ. Сабақ дайындал десең, кітап берген жоқ апай дейді, болды. Расписание берген жоқ дейді, болды.

№ 127 жалпы орта мектеп биыл алғаш рет есігін 532 балаға айқара ашқан еді. Су жаңа білім ошағы негізі 1 мың 200 балаға лайықтап салынған. Алайда оқулық мәселесі әлі шешілмеген. Мұғалімдер бүгін-ертең беріледі деп уәде бергенімен, жаңа оқу жылының екі аптасы артта қалып үлгерді, дейді ата-аналар. Ал оқушылар болса, тапсырманы дәптерге көшіріп жүргендерін айтады. Оқытушылардың қолындағы бір дана оқулықты тақтаға жазып, өзгелері содан көшіреміз дегенді айтты бастауыштың балғындары.

Айта кетейік, өткен аптада ғана облыстық білім басқармасының жауаптылары аймақта «кітап тапшылығы жоқ, оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтылған» деген ақпарды ресми түрде таратқан болатын. Бірақ біздің арнаның түсіру тобы куә болғанындай, бір де бір оқушының қолында пән оқулықтары болмай шықты. Ал бұл жәйтті бастапқыда дабыра қылғысы келмеген осы мектептің ұстаздар қауымы бүгіннен қалмай оқулық жеткізіліп жатыр деп сендірді. Айтуларынша, кітап бөлу туралы білім бөлімінің арнайы бұйрығын көп күтуге тура келген.

Кенішкүл Джанпайызова, №127 жалпы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

Қалалық білім бөлімінің бұйрығы негізінде аламыз ол кітаптарды. Сол өткен жұма күні бұйрық шыққан. Соны бүгін алып жатырмыз енді. Уже балаларға айтып жібердік бүгін. Бастауышқа айтып жібердік. Ертең кітап таратылады деп. Жан-жақтан алты мектептен келген кітапты бөліп береміз балаларға.

Қадырхан Арысбеков, Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы:

1-сентябрьге дейін шешілмеген себебі - бізде қазір нақты оқушылардың микроучасток бойынша, яғни мөлтек аудан бойынша қай оқушы қай бағытта оқитыны туралы нақты тізім бекітілмеген болатын. Енді қазіргі таңда білім бөлімі өткен аптада сол тізім бекітілді. Енді сол бұрын оқыған, яғни қазіргі күнге дейін оқыған білім мекемелерінен 127 мектепке баратын оқушылар толығымен сол мектептің оқулығының есебінен оқулықпен қамтамасыз етіледі.

Алайда, қала ішіндегі алты мектептен кітап әкелінген күнде бұл мектеп бірден жүз пайыз оқулықпен қамтылатынына педагогтардың өзі сенімсіз. Өйткені бұл мектептегі 403 оқушы қала ішіндегі білім ошақтарында оқып келген болса, тағы 129 оқушы аудан, ауылдардан ауысып келгендер.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ