Солтүстік Қазақстан облысы Қаржы полициясы басшысының орынбасары Жандос Ахметовтың өліміне қатысты жаңа айғақтар пайда болды. Ахметов қателікпен атылған жоқ. Оған мақсатты түрде тапсырыс берілген. Бұл жайында қылмысты ұйымдастырған Абдулэдир Джамалдиев айтты.
Сот отырысы бүгін тергеу изоляторында жалғасты. Айта кетейік, осыған дейін теріскейде сот процестері оқшаулау абақтысында болмаған. Бүгінгі сотта бірінші болып Ресей азаматы Павел Ковалев тыңдалды. Сотталушы өзіне қатысты айыппен келіспейтінін жеткізді.
Киллердің айтуынша, «ол Нұрлан Шабдарды емес, Жандос Ахметовты көздеген. Сондай-ақ, үйдің кіреберісінде қаскөй қаржы полицейін атып жатқан кезде баласы жоғары қарай жүгіріп кетті, ол қантөгісті көрген жоқ», - деді. Осыған байланысты Павел Ковалев жазаны жеңілдетуді сұрап отыр. Ал, Абдулэдир Джамалдиев та Жандос Ахметовтың қателікпен атылмағанын мойындады. Лауазымды шенеуніктің өліміне сотталушының ағасы Камал Джамалдиев тапсырыс бергенін айтты. Алайда, не себепті екенін анықтамадым, деді.
Абдулэдир Джамалдиев, сотталушы:
Полицейді өлтіргенім үшін ағам маған сыйақы беруге сөз берген емес. Ол маған алдында көлік мәселелерін шешуге көмектескен еді. Сондықтан, мен ағамның алдында қарыздар болдым. Камал Джамалдиев маған Жандос Ахметовтың фотосы мен көлігінің нөмірін берді. Тапсырыстың себебін айтқан жоқ.
Абзал ҚҰРМАНКИН