Қытайдың оңтүстік жағалауына дүлей дауыл жақындап келеді. Елде сақтық шаралары күшейтіліп, 90 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Теңізге шыққан 30 мың кеме портқа кері қайтарылған. Теңізіндегі мұнай платформасынан 6 мыңнан астам жұмысшы эвакуацияланды. Қазір «Калмэджи» тайфунның қарқындылығы секундына 50 метрге дейін күшейіп отыр.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 29 құтқару кемесі және екі тікұшақ құтқару жұмыстарына әзір тұр. Хайкоу қаласында - Хайнань провинциясының әкімшілік орталығында барлық мектептер жабылды, жергілікті тұрғындар ауызсу мен азық-түлік өнімдерін дайындауда. Тайфун қаупінен Гонконг халықаралық әуежайында 40-қа жуық рейс тоқтатылған.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА