Жанар-жағармайдың көтерме нарығы реттелмеген. Ал саудагерлер ойына келгенін істеп жүр. Осындай пікір ұстанған Мәжіліс депутаты Рауан Шаекин Премьер-министрдің атына жолдаған сауалында - саланы реттеуді сұрады. Депутаттың айтуынша, саудада көтерме баға бөлшек саудадан үнемі арзан болады.
Алайда жанармайға келгенде, көтерме баға бөлшектіктен 10 пайызға қымбат. Парламент мүшесі Ресейден жанармай жеткізуші оператор «ҚазМұнайГаз Өнімдері» компаниясының жұмысын да сынға алды.
Рауан Шаекин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:
Салалы министрлік мониторинг пен бақылау жүргібейді, сондықтан көтерме саудагерлерде шектеу жоқ, олар нарықта өз айласын жүргізуде. Өзіңіз қараңыз, елімізде жыл сайын АИ-92 бензинінің тұтыну көлемі 2,8 миллион тонна, дизель отыны 4,6 миллион тонна. Ал отандық мұнай өңдеу зауыттары 1,9 миллион тонна АИ-92 бензинін және 4 миллион тонна дизель отынын шығарады. Өндіріс пен тұтынудың арасындағы тапшылық Ресей Федерациясынан жеткізілетін өнім арқылы жабылады. Осы мақсатта наурызда Ресейден жеткізуші ортақ оператор «ҚазМұнайГаз Өнімдері» құрылды. Алайда компания құрылғалы бері, оның қызметі туралы ақпарат ешбір мемлекеттік органда көрсетілмеді. Аталмыш компания Қазақстанға Ресейден қандай жанармайды жеткізді? Қай өңірлерге, қай нарыққа жіберді? Бөлшек түрде ме, көтерме ме? Яғни «ҚазМұнайГаз Өнімдерінің» жұмысы ашық емес. Тұрақтылық орнаған жоқ. Ал Мұнай және газ министрі қарашаға дейін жанармай бағасы көтерілмейді деп халықты сендіреді. Ал шын мәнінде, бәрі керісінше болады.
Дәл осы жанармай тапшылығы тақырыбы Астана арнасындағы «Открытая студия» бағдарламасында да қызу талқыға түседі. Бағдарлама бұдан былай әр дүйсенбі сайын 22:00-де эфирге шығады.
Айгүл ӘДЕПБАЙ