Алматыдағы дәмханада болған жарылыстан зардап шеккен 18 адамның 10-ы ауруханаға жедел жеткізілген. Қазір олардың 3-уі ғана ем қабылдап жатыр. Қалғандары жеңіл жарақаттанғандықтан үйлеріне босатылған.
Кеше кешкісін Алматыдағы Мақатаев пен Зенков көшелерінің қиылысында орналасқан дәмханада жарылыс болғаны туралы бұған дейін хабарладық. Алдын ала болжам бойынша, асханада газ баллоны жарылған. Салдарынан дәмхана қызметкерлері мен тамақтануға келгендер зардап шекті.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, дәмхана қызметкерлері қатты тараған газ иісін сезіп, келушілерден ғимаратты босатуын өтінген. Алайда, дәмхана қонақтары есіктен шығуға бет алған кезде жарылыс болған. Тексеру барысында ғимараттың газға қосылмағаны анықталды. Қазіргі уақытта Медеу аудандық Ішкі істер басқармасының қызметкерлері осы іске байланысты тергеу жұмыстарын жүргізуде.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы:
Кеше кешкісін Медеу ауданына қарасты сағат 10-дар шамасында Мақатаев пен Зенков көшелерінің қиылысында жарылыс болды. Салдарынан 18 адам дене күйік жарақатын алды. Нәтижесінде қаламызда орналасқан 4-ауруханаға жеткізілді. Қазіргі сәтте жарылыстың басты себебі - газ баллондардың жарылуынан.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ