Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы оқушыларының улануына қатысты прокурорлар тексеру жұмыстарын бастап кетті

  • AstanaTV
  • 18 қыркүйек 2014
  • 2779

Алдын ала болжам бойынша, Қостанай облысындағы Ұзынкөл ауылындағы оқушылар тұздықтан уланған. Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мен ішікі істер мамандары тексерудің алғашқы болжамдарын жария етті. Сондай-ақ, мектеп асханасындағы жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бүгін облыстық прокуратура мәлімдеді.

Нұржан Айдархан, Қостанай облыстық прокуратурасы басқарма прокуроры:

Ұзынкөл аудандық ішкі істер бөлімімен аталған жәйт бойынша ҚР ҚК 267-бабы 1-бөлімі, яғни «абайсызда адамның жаппай сырқаттануы немесе улануы және санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, 16-шы қыркүйекте Ұзынкөл ауданында орта мектеп асханасынан тамақтанған 53 адам астан ұшынып, жаппай ауруханаға жатқызылған болатын. Олардың арасында мектеп оқушылары мен шағын орталық тәрбиеленушілері де бар.

Дәрігерлер қазіргі таңда сырқат балғындардың денсаулығы жақсарғанын айтады. Көпшілігі үйлеріне жіберілген. Қалалық ауруханада 6, ал аудандық емдеу орталығында 7 науқас қалды. Тергеу барысы жіті бақылауға алынған. Әзірге нақты кімнің кінәлі екендігін айтуға ертерек, - дейді прокуратура өкілдері.

Заңғар САНАЙ