Тель-Авивтегі әйгілі Сураски атындағы медициналық орталық пен Грузияның жетекші урологтары астаналық әріптестерімен эндоскопиялық және лапароскопиялық урологияның қыр-сырымен бөлісті. Нөмірі 2-қалалық ауруханада бүгін алғашқы рет лапароскопиялық простатэктиома жасалды. Яғни, простатаның кеселді ісігін хирургиялық тілім жасамай-ақ шағын тесік арқылы алып тастау. Операция Израильдің бас урологының басқаруымен өтті. Толығырақ әріптесім Азамат Алдоңғаровтың материалында.
Әлем бойынша медицинасы қарыштап алға кеткен Израильдің бас урологы Александр Гринштейннің әңгімесін тыңдауға уролог мамандар еліміздің барлық өңірлерінен Астанаға ағылды. Тель-Авивтегі Сураски атындағы клиника шағын инвазивті операция тәжірибесін кеңінен пайдаланатын жетекші орталықтардың бірі. Яғни, заман ағымына сай қазір кез-келген операция барысында науқасты пышақтың астына салудың қажеті жоқ. Лапараскопиялық хирургия аталатын тәсіл кеселді кеспей-ақ, тесумен ғана шектелетін ем.
Александр Гринштейн, Израильдің бас урологы:
Бұндай тәсілмен жасалатын операциялар күнделікті, өте қажет көмек. Біздің Сураски атында клиникамызда күніне бұндай ондаған ота жасалады. Мамандардың біліктілінің артуы арқасында ондай операциялар сіздердің ауруханаларыңызда да жиірек жасалады деп ойлаймын, ол уақыттың еншісіндегі дүние.
Шет елдік маман Қазақстанның медицинасын жоғары бағалап отыр. Сөзінше елімізде күрделі операциялар жасауға жағдай да білікті маман да бар. Бүгінгі халықаралық симпозиумнан кейін қазақстандық урологтардың мүмкіндіктері кеңейеді.
Тимур Мұратов, «№2 Қалалық Аурухана» ҚКК бас дәрігерінің орынбасары:
Осы бүгін жасалатын кейбір операциялар біздің қаламызда алғаш жасалатын болады. Бүгін лапараскопиялық простатаны алып тастау дейді, простатэктомия біздің қалалық клиникада алғаш жасалайын деп отыр.
Отандық клиникаларда жасалып жүрген скальпельмен кесу операциясынан кейін науқастың оңалуы әдетте 20 күнге созылады. Ал жаңа тәсілмен бұл мерзім бір аптаға да жетпейді. Нөмірі екінші қалалық ауруханада эндоскопиялық жолмен жасалатын тағы бір жаңа операция - бүйректегі тасты - тіліксіз алу.
Тимур Мұратов, «№2 Қалалық аурухана» ҚКК бас дәрігерінің орынбасары:
Перкутанды нефритомия дейді, ол бүйрекке біткен үлкен тасты алу. Бір тесіктен бұрын біздің қаламызда арқасында жатып жасалмаған супайн технология дейді, арқаға жатқызып бірінші рет жасайын деп отырмыз осы симпозиум мастер класстың арқасында.
Қалалық нөмірі екінші аурухана урологтарының айтуынша Қазақстан мен Израиль арасында медицина саласында тәжірибе алмасу дұрыс жолға қойылған. Дәрістер мен халықаралық ғылыми жиындардан бөлек, маман алмасу бағдарламасы бойынша отандық ақ халаттылар Израиль клиникаларында біліктіліктерін арттырып келеді. Қазақстанда жақын арада барлық операциялар жарасы жеңіл эндоскопиялық тәсілге көшу жоспарда дейді дәрігерлер.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ