Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда дәрі-дәрмекке бәрінің бірдей қолы жетпейді

  • AstanaTV
  • 19 қыркүйек 2014
  • 1829

Ауыр науқасқа шалдыққан алматылықтар жеңілдікпен берілетін дәрінің тапшылығына шағымданады. Олар талап-тілектерін қоғамдық ұйымдарға жеткізіп жатыр. Мүгедектер мен созылмалы дертке шалдыққандар, рецепт алу үшін апта сайын дәрігердің табалдырығын тоздыратындарын айтады. Рецепт болғанның өзінде, қажетті препараттарды дәріханадан табу да мұң деседі.

69 жастағы зейнеткер Александр Пак 20 жыл бұрын жүрек талмасына шалдыққан. Содан бері қалалық емхананың бірінде есепте тұрады. Үкіметтің жәрдемін дер кезінде алып тұруға тырысады. Бірақ қаладағы мыңдаған дәріхананың тек 14-і ғана тегін дәрі босататынына қынжылады. Оның өзінде бүкіл қажетті дәріні табу қиын дейді.

Александр Пак, зейнеткер:

2010-жылдың көктемінде жүрегім қатты қысылып, дәрігерлер мені жүрек талмасымен ауыратын науқас ретінде тіркеуге қойды. Мемлекеттің қаржыландыруымен тегін дәрі-дәрмек берілетінін білетінмін. Оны алудың өзі де қиямет-қайым. Бір жылда 12 ай болса, соның 4-5 айында ғана дәрі алуға мүмкіншілік болады. Одан бөлек, дәрігер өз нұсқауымен 3 дәрі жазып берсе, соның ішінде міндетті түрде екеуі жоқ болып шығады.

Амалы таусылған зейнеткер бұқаралық ақпарат құралдарынан көмек сұрайды. Қант диабетімен, демікпемен, жүрек, қан тамыр ауруларына шалдыққан жүздеген алматылықтар жеңілдетілген дәрілерге қол жеткізе алмай отырғанын қоғамдық қор өкілдері де растады.

Бақыт Түменова, «Аман-Саулық» қоғамдық қорының президенті:

Бізге арызданып келетін адамдардың 30 пайыздан астамы, дәрі-дәрмектің қол жетімді болмайтынын айтады. Бұл жерде әңгіме қымбат дәріні қалтасы көтермейтін науқастар жайында болып тұр. Бұл мәселені біздің үкімет өз қолына алып, мықтап бақылау жасауы тиіс. Себебі, науқастар үшін дәрі-дәрмек - азық-түлік секілді басты қажеттіліктің бірі.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы берген ақпаратқа сенсек, тегін берілетін дәрі дәрмекпен қамтамасыз етуде қиындықтар жоқ. Жыл басынан бері шағымданғандардың жетіспеушілік туралы айтқандары негізсіз.

Людмила Ким, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

Тегін дәрі-дәрмек табылмады деген науқастар болса, бізге хабарласса болады. Осы жылдан бастап Денсаулық сақтау министірлігі тапсырмасы бойынша барлық емханалдардан бір-бірден мемлекеттік дәріхана ашылады. Қазіргі сәтте біздің бақылауымыз бойынша Алматы қаласы бойынша 35 дәріхана халықты тегін дәрімен қамтамасыз етіп отыр. Мемлекеттік дәріхана ашылса кез-келген дәрі-дәрмек бағасы анағұрлым бұрынғыдан төмен болады.

Дегенмен, халықтың басым бөлігі қажетті препараттарды нарық бағасымен алып жүр. Олар дәрінің әр дәріханада әртүрлі бағамен сатылатынына таң.

Зейнеткерлер үшін қымбат біздегі дәрі-дәрмек. Бір қорабын екіге бөліп аламыз. Әр дәріханада әртүрлі баға.

- Дәрілердің сапасы жақсы, алайда соңғы кездері дәрі бағалары тым қымбат болып кеткен. - Дәрілердің ең кемі 1400 теңге. Біздің қалтамыз көтермесе, бала-шағамызға сенеміз.

Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы қалада тегін дәрі беретін 35 дәріхана бар деді. Алматылық мамандар фармацевтика нарығын дағдарыстан шығарудың түрлі жолдарын қарастырыпты. Соның бірі - Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған мемлекеттік дәріхана ашуды көздеп отыр. Егер, игілікті осы іс орындалып жатса, онда науқастарды тегін, ал тұрғындарды арзан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ