Қазақстан мен Ресей елдері басшыларының қатысуымен өтетін өңіраралық әріптестіктің 11-ші форумына бір апта уақыт қалды. Оған қос елдің президенттерімен қатар екі мыңдай адам келеді. Мәртебелі қонақтарды биыл Атырау облысы қабылдайды.
Былтыр Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен 10-шы форумда Елбасы «Көмірсутек саласындағы инновация» тақырыбын ұсынған. Бұл жолғы форумды абыроймен өткізу - облысқа сын. Дайындық барысын аймақтағы әріптесім бақылап қайтқан еді. Материалды дайындау барысында Базаргүл Нәдірқызына облыс басшысымен тілдесудің сәті түсті.
Бүгінде Атырау көшелерінде көлік кептелісі жиі байқалады. Бірақ бұл уақытша. Өйткені аймақта Қазақстан-Ресей арасындағы әріптестік форумына әзірлік қызып тұр. Жол жиегіндегі бордюрлар алмастырылып, ескі жолдардың орнына жаңа асфальт төселуде. Саяси һәм экономикалық науқанмен облыс орталығына мәртебелі қонақтар үш күнге табан тірейді. Сондықтан қонақ үйлердегі дайындық та ерекше. Үздік қызмет көрсететіндер тапсырыстың астында қалды. Бір ғана «Шағала» қонақ үйінде бөлмелер толық броньдалған.
Фарида Әлиева, қонақ үй менеджері:
53 бөлмеге тапсырыс берілді. Кәсіпкерлер палатасы. Қазақстанның облыстары мен Ресейден келетін қонақтар болады. Келіп бөлмелерді қарады. Ұнатты. Бірақ жиһаздарды алмастыр немесе ас мәзірін өзгерт деген жоқ. Төлемге таңғы ас кіреді. Түстік пен кешкі асты ас мәзірі бойынша және фуршетпен ұсынамыз.
Ал, пәтер бюроларында жағдай тұрақты. Жалға беру құнында өзгеріс жоқ. Біз хабарласқан бірнеше риелтор форумға қатысты арнайы тапсырыстың әлі түспегенін айтты. Халықаралық әуежайдың жұмыс кестесіне де айтарлықтай өзгеріс енбеген. «Қанша чартерлік рейстің қосылатыны бірер күн қалғанда белгілі болмақ. Дегенмен, күнделікті рейстер ұша береді», - дейді әуежай өкілдері.
Атырау халықаралық әуежайының анықтама бөлімі:
28-і күні келуі керек Москвадан. 1 ғана рейс. Мынау расписание бойынша регулярно рейстер менің сізге айтып отырғаным. Чартерный рейс қосатын мезгілде ғана белгілі болады. Күнбе-күнгі суточный планға қосылады, сол мезгілде.
Атырау мәртебелі меймандарды күтуге барын салып жатыр. Аз уақытта қос президенттің келіссөзі өтетін Салтанат сарайы мен көрме залының құрылысы толықтай аяқталды.Ол бейсенбі тапсырылуы керек. Қазір сыртқы әсемдеу, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқын алған. Жұмысшылар мына жасыл төсемелер Ресей астанасынан арнайы алдырылғанын айтты. Екі күнде жұмысты аяқтаймыз деді. Олар жуырда отырғызылған гүлдердің салқын ауа райынан бой көтере алмай жатқанына алаңдаулы. Аймақ басшысынан да маза қашқан сияқты. Әкім Салтанат сарайында атқарылып жатқан жұмыстарды өзі қадағалап жүр.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
Толықтай дайындық бітті жасалып барлығы. Қалғаны көрме залының оформлениесі. 2 ғимарат та толықтай дайын. Барлық қосылуға тиісті жүйенің бәріне қосылды. Барлық бөлмелер тазаланды. Ағаштар, газондар отырғызылды. Жұмыс бітті.
Аймақаралық ынтымақтастықтың 11-форумына дайындық жұмыстары үшін облыс қазынасынан 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қонақтарды тасымалдау үшін әрқайсысы 55 мың доллар тұратын отандық 14 көлік сатып алыныпты.
Айта кетейік, халықаралық маңызды жиын қыркүйектің 28-і мен 30-ы аралығында өтеді. Басты тақырып - мұнай-газ саласы инновациясына арналмақ.
Базаркүл ІЗІМОВА