Бензин тапшылығы Астанаға да жетті. Жанармай құю бекеттері сұйық отынды тек талонмен беруге көшті. Елордада «ҚазМұнайГаз»-ға қарасты жанармай құю бекеттерінде осындай жағдай орын алды. АИ-92 және АИ-95 маркалы отын тек талоны барларға берілуде.
«ҚазМұнайГаз өнімдері» серіктестігі өкілдерінің айтуынша, жанармай тапшылығы алдағы қазан айының алғашқы онкүндігіне дейін созылуы мүмкін. Себебі, басты тасымалдаушы Ресей Федерациясында ішкі мұнай дефициті орын алған. Осыған орай Ресей тарабы Орталық Азияға мұнай өнімдері экспортын шектеп тастады, - дейді серіктестік өкілі.
Ерлан Жаукин, «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС бөлшек сауда ісі бойынша бас директорының орынбасары:
Соңғы он күнде «ҚазМұнайГаз» жанармай құю бекеттерінде АИ-92, АИ-95 маркалы бензиннің тапшылығы сезіліп отыр. Бұл жағдай бірінші кезекте Ресей тарапынан жасалатын тасымалдың іркілуімен байланысты. Отандық Энергетика министрлігі қыркүйек айына деп белгілеген жанармай мөлшерін аймақтарға таратып тастадық. Оның басым бөлігі бүгінде сатылып кеткен. Болжам бойынша, тапшылық қазан айының бірінші онкүндігіне дейін созылуы мүмкін. Жағдай орныққанша, компания талонмен ғана жұмыс істемек. Себебі, біз бюджеттік мекемелер мен автобус парктерімен келісім жасасып қойғанбыз. Алдымен солардың алдындағы міндетті орындауымыз керек.
Жұрағат БАМАН