Шығыс Қазақстан облысында «Тарбағатай Мұнай» серіктестігінен жұмыстан шығарылған мұнайшылар депутаттарға, сондай-ақ прокуратура өкілдеріне ұжымдық хат жазды. Олар өздерін жұмысқа қайта алуды талап етуде. Мұнайшылар, еңбек келісім-шартының тоқтатылғаны туралы құжатқа қол қойғанда, өзге жұмысқа қалдыратынына сенімді болған. Компания менеджері оларды осылай деп сендірген көрінеді. Алайда, осыған қарамастан 100-ден аса адам жұмыссыз қалып отыр.
Амалы таусылған мұнайшылар Зайсан ауданы әкімдігінен әділдік іздеп жүр. Бір апта бұрын оларды кеңсеге шақырған компания менеджері әрқайсымен жеке-жеке сөйлеседі. Келісім-шартты бұзу туралы құжатқа қол қоюларын сұрайды. Қызметтердің қысқартылып жатқанын айтып, «барлығыңа басқа жұмыстар ұсынылады», дейді. Алайда, бірнеше күн өткен соң, мұнайшылар менеджердің уәдесі жәй құрғақ сөз екенін түсінеді.
Қайрат Мәліков, «Тарбағатай Мұнай» ЖШС мұнайшысы:
Жергілікті тұрғындардың көбін қуды. Газ бар, мұнай бар. Газ жоқ кезде де адамдар жұмыс істеп, жалақысын алып жүрді ғой. Қазір газға ай сайын Қытай Халық Республикасы 4-5 миллион қаржы жұмсайды, ал адамдарды жұмыстан қуып жатыр.
Данияр Рахымжанов, «Тарбағатай Мұнай» ЖШС мұнайшысы:
Біз қызметімізді ауыстыруын сұрадық. Олар ойланамыз деді. Менің әйелім ауырады, елдің бәрінің несиесі бар. Айлығымыз болса 80 мыңға жетпейді.
Осылайша, уәде құр сөз күйінде қалып қояды. Ал, компанияның жаңа менеджері «қазір геологиялық барлау жүріп жатыр. Қажеттілік туа салысымен, босатылған мұнайшыларды қайтадан жұмысқа аламыз» дейді. Жұмыссыз қалған Зайсан мен Тарбағатай ауданының тұрғындары жағымды жаңалықты қанша уақыт күтеді, оған дейін қалай өмір сүреді? Компания менеджері бұл сұрақтардың нақты жауабын айта алмады.
Вячеслав Седанов, «Тарбағатай Мұнай» ЖШС заң департаменті директорының орынбасары:
Өкінішке орай, осы жылдың басынан бері компания қаржылық қиындықтарды сезінуде. Сол себепті, директорлар кеңесі оңтайландыру жүргізу туралы нұсқау берді.
Қайрат Мәліковтің айтуынша, оңтайландыру - жергілікті тұрғындарға қатысты жүргізілген. Жұмыстан босағандар тізімінде тек Қазақстан азаматтары ғана. Оның көпшілігі Зайсан мен Тарбағатайдың, Қызылорда, Павлодар мен ОҚО-ның азаматтары. Ал, шетелден келген жұмысшылар өз орындарында қалған.
Қайрат Мәліков, «Тарбағатай Мұнай» ЖШС мұнайшысы:
Сербия, Хорватиядан келген жұмысшылардың біреуі біздегі он адам алатын айлықты алады. Неге оларды қысқартпайды? Неге үнемі жергілікті тұрғындарға тиіседі?
Бақытбек Қизатов, ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы:
Кодексте шетелдік жұмыс күшін жұмысқа алу туралы арнайы тармақ бар. Шетелдік азаматты жұмысқа алмастан бұрын компания хабарландыру жасауы тиіс. Егер, өзімізден 1 айдың ішінде маман табылмаса ғана олар шетелдік жұмысшыларды тарта алады.
Мұнайшылардың белсенді тобы - босаған мамандар орнына қайта алынсын деп талап етуде. Оған қоса, жұмысшылардың көбі келісім-шарт бойынша оқытылған. Яғни алған білімін 3 жыл осы компанияда еңбекпен өтеуге міндетті. Қазір мұнайшылырдың ісі екі бірдей аудан басшыларының бақылауында.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ