Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында өндірілген ет Мәскеуге жол тартпақ. Отандық кәсіпкерлер Ресейге ай сайын алты тонна ет жеткізіп тұру туралы келісімге қол қойды.
Мамандардың есебінше, Аягөз ауданында 7 миллион бас ұсақ мал өсіру мүмкіндігі бар. Ең бастысы - жайылым жерлер мен асыл тұқымды мал басы жеткілікті. Біріккен Араб Әмірліктерінің мамандары қойдың еті мен терісін ғана емес, сондай-ақ жайылымды жерлердің экологиялық ахуалы мен ауданның логистикалық мүмкіндігін ұзақ уақыт бойы тексерді. Тексеріс нәтижесі көңілдерінен шығып, «Эмират Фьючерс» компаниясы инвестор ретінде шығыс қазақстандықтармен жаңа жобаға қол қойды. Шетелдіктер Аягөздің шетінен ет өңдеу зауытының құрылысын бастайтын болды. Ал жарты жылдан соң еттің алғашқы легі жақын және алыс шетелдің нарығына жол тартпақ.
Нұрбол Нұрғалиев, Аягөз ауданының әкімі:
Біз инвесторларды асықтырып жатырмыз, өйткені шаруалардың алдында етті өткізу мәселесі өткір тұр. Ал логистика мен өндірісті дайындап алғасын, қой етін әлемдік талаптарға сай өңдеп Ресей, Иран және Азия елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік аламыз.
Айгүл ӘДЕПБАЙ