Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда бензовоздың қатысуымен болған апаттың себептері нақтыланды

  • AstanaTV
  • 23 қыркүйек 2014
  • 1208

Алматыда орын алған ірі көлік апатынан зардап шеккендер өтемақы алатын болды. Ол үшін арнайы сот шешімін күту қажет. Бұл туралы бүгін №56 бағыттағы автобусқа иелік ететін жеке компанияның басшысы мәлімдеді.

Жолаушылар тасымалы паркінің бас директоры Александр Выприцкий, автобустың салонында болған жолаушылардың талап-арызына қарай сақтандыру компаниясы қаражат көлемін қарастыратынын айтады. Ол үшін қалалық ішкі істер департаменті істі тергеп, сотқа жолдауы тиіс. Тек содан кейін ғана сот шешімімен кінәлі деп табылған тарап өтемақы төлеу мәселесін қарастыра алады.

Александр Выприцкий, Жолаушылар тасымалдау паркінің бас директоры:

Бізге зардап шеккен жолаушылардың ешқайсысы хабарласқан жоқ. Бұл автобусты апаттық жағдай бола қалса деп, сақтандырғанбыз. Сондықтан құзіретті органдар бізді кінәлі деп тапса, арнайы сақтандыру компаниясымен бірігіп өтемақы мәселесін қарастырамыз.

Royal Petrol жанармай компаниясының жүк көлігі мен жолаушылар автобусы дүйсенбі күні таңғы сағат 7-де «Айнабұлақ» шағын ауданының маңында соқтығысқан. Көлік апатынан 1 адам қаза тауып, 14 адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды. Оның ішінде 7 жолаушы ауруханаға жеткізілген. Жол полициясы жүргізушілердің бірі өрескел жол ережесін бұзғанын айтқанымен, бірнеше сараптамадан кейін ғана апаттың себебі жарияланбақ. Осы жол-көлік оқиғасы кезінде мерт болған Мұрат Ережеповтің мүрдесі кеше түнде туған жеріне жеткізілген. Жерлеу рәсімі ертең Жамбыл облысы Меркі елді мекенінде өтеді. Ал ол еңбек еткен автопарк ұжымы марқұмның отбасына 250 мың теңге жинап берген.

Елдос Жұмәділов, әріптесі:

Мен Мұратты 2 жылдан бері танитынмын. Ол автобусқа өте ұқыпты қарайтын. Бұзылғанда дер кезінде айтып, жұмысына тиянақты жүруші еді. Ең жауапты жүргізушілердің бірі болатын ол.

Ал жанармай компаниясы әзірге қандай да бір ақпарат беруге асығар емес.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ