Ақтауда жастар арасында болған төбелестен соң 26 жастағы Абай Төлегенов бір көзден айырылды. Зардап шеккен жігіттің жақындары бірден полицияға арызданған. Құқық қорғаушылар кінәлілерді тапты. Алайда, жәбірленушінің әкесі Мұрат Төлегенов «қылмыскерлер әлі бостандықта жүр» деп ашынады. Полиция қызметкерлері болса, татуласу арызына жәбірленушінің өзі қол қойғанын айтады.
Мына кадрлар жазда, футболдан әлем чемпионаты өтіп жатқан кезде түсірілген. Ол кезде, бір шаңырақтың отағасы, екі баланың әкесі Абай Төлегенов сап-сау еді. Кабельді жүйені қосумен айналысқан оның қазіргі кейпі осы. Сау көзінен айырылды. Дәрігерлер, Абайға енді әлемнің үздік дәрігерлері де көмектесе алмайды дейді.
Берік Әміров, Маңғыстау облыстық ауруханасының офтальмолог-дәрігері:
Ешқандай үміт жоқ. Көз ағып кеткен. Ота жасап орнына қайта қойдық. Алайда ол көзбен енді көре алмайды.
Мұрат Төлегенов, А.Төлегеновтың әкесі:
Сағат төрттердің шамасында мені жолдасым келіп оятты, Абай телефон соғып жатыр, ауруханаға тез жетсін деп, келін үшеуіміз ауруханаға жетіп келдік. Келсек баланы жуып жатыр екен, барлық жері қан.
Абайдың айтуынша, сол күні кафеде досының туған күнін тойлаған. Далаға шыққан бойда белгісіз жігітпен сөзге келісіп қалады. Екеуі жаға жыртысып жатқанда, әлгі жігіттің достары пайда болып, оны өлімші қылып сабапты. Абайды ауруханаға достары әкеледі.
Абай Төлегенов, жәбірленуші:
Маған келіп айтады, ішінде сен өзінше боп жүрсің ғой, бауырым деп, келіп тиісті.
Жәбірленушінің әкесі бірден полицияға арыз жазады. Бірер сағатта жәбір көрсеткендер табылды. Алайда полиция қызметкерлерінің қолында Абайдың қолы қойылған арыз бар. Онда «ешкімге ешқандай кінә артпаймын» деп жазылған. Полиция қызметкерлері бұзықтық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қылмыскерлерден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды дейді.
Әлия Шермағамбетова, Маңғыстау облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы:
Полиция қызметкерлерімен қылмыстық кодекстің 257 бабы, 2 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мұрат Төлегенов, А.Төлегеновтың әкесі:
Маған бір бейтаныс жігіт звондады. сізбен кешегі уақиға бойынша сөйлесейік деп, мен кім екенін білмеймін. Келсем осында тұр екен. Сол айтады сізбен сөйлесуім керек еді деп. Мен айттым не туралы деп. Сол төбелес бойынша деді. Мен айттым сөйлесетін уақытым жоқ, мына баланың жағдайды мынадай деп.
Бүгін Абайды ауруханадан шығарды. Тепсе темір үзетін шағында мүгедек болып қалған жігіт «көзімнен айырылуыма себепкер болғандар жазасын алса» дейді.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА