Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада күріш науқаны аяқталуға жақын, шаруаларға өнерпаз әжелер көмекке келді

  • AstanaTV
  • 25 қыркүйек 2014
  • 1730

Қызылордалық әжелер ұмыт болған дәстүрді жаңғыртты. Олар егіс алқаптарында қызу жұмыс істеп жатқан шаруаларға өнерін ұсынып қайтты. Сәрке-батыр қожалығы әп-сәтте көңілді думан ошағына айналды. Күріш жинаушылардың әр минуты санаулы. Олар өнімді жылдам жинап алуы керек. Әйтсе де, диқандар бір ауық ән тыңдап, көңіл сергітуге уақыт тапты. Әріптесім Шарипа Сақтапова күрішшілердің көтеріңкі көңіл-күйіне куә болып қайтты.

Даланы жаңғыртқан комбайн дауысын әсем ән мен би алмастырған. Көңілді әжелерден құралған ансамбль дала сахнасында өнер көрсетуде. Концертті тамашалауға құмартқандардың қарасы қалың. Күріш жинау жұмыстарының қызып тұрғанына қарамастан, ән тыңдауға келгендердің көптігіне өнерпаз қариялар да риза.

Жанат Елдесбаева, «Асыл әжелер» ансамблінің мүшесі:

Солардың еңбегіне кішкене болса да үлесімізді қосайық деп және ұмытылып бара жатқан үрдісімізді жандандырайық деп, бүгін келіп өз өнерімізді көрсетіп жатырмыз.

Шаруашылықтағы 1 жарым мың гектар күріштің 1 мың 300-дейі орылған. Жеке күрішшілер арасында гектарынан 68 центнерден өнім алып оқ бойы озық шыққандары да бар. Осыған орай еңбек озаттарына аудан басшылығы тарапынан ақшалай сыйақы да берілген.

Нұржан Демеуов, Сәрке-батыр атындағы шаруашылық төрағасы:

Былтырғыдан 10-15 күн ерте бітіреміз деген межеміз бар. Шаруашылықтар келіп, келісім-шартқа отырып жатыр, соларға жинап беруге көмек жасаймыз.

Дейтұрғанмен, Жалағаш ауданының бас агрономы салаға мықты мамандар жетіспейтініне қанжылады. Оның айтуынша, бүгінде даладағы қосындарында кез келген адам агрономның жұмысын атқарып жүр.

Ханбибі Асқарова, Жалағаш ауданының бас агрономы:

Тұқымның маманы болуы керек, агроном мамандары қазір жетіспейді. Қазір механизатор да, егінші де, малшы да, барлығы қазір егінмен айналысып кетті. Бұрында сәйкес келмесе алмайтын жұмысқа, қазір жұмыс жасай беретін болды.

Әнші әжелер биден де құр алақан емес екен. Оларға диқандар да қосылды. Әжелер ансамблі енді гастрольдік сапармен бүкіл шаруашылықтарды аралап шығуға ниеттеніп отыр. Өйткені, ән тыңдап көңіл сергіту жұмысшыларға күш береді.

Шарипа САҚТАПОВА