Елордаға атақты теннисші Рафаэль Надаль келді. Аты аңызға айналған спортшыны Астана әуежайынан біздің арнаның тілшілері күтіп алды. Қазақстандық жанкүйерлер асыға күткен спортшының іс-сапары жайлы толығырақ келесі бейнематериалда.
Қазақстан теннис федерациясының шақыруын қабыл алған «Үлкен шлем» турнирінің 14-дүркін жеңімпазы Астанада бірқатар іс-шараға қатысуды жоспарлап отыр. Олимпиада чемпионы алдымен «Team Kazakhstan» академиясының талантты жастарына шеберлік сабағын өткізеді. Келесі күні Назарбаев Университеті студенттерімен кесдеседі. Ал басты шара 25-ші қыркүйек күні, сағат 19:00-де Ұлттық теннис орталығында өтеді. Бұл сында Надаль өзімен бірге қазақ топырағына аяқ басқан Франция теннисшісі Жо-Вильфрид Тсонгамен көрнекі кездесу өткізеді.
Рафаэль Надаль, теннистен «Үлкен шлем» турнирінің 14-дүркін жеңімпазы:
Мен Қазақстан теннис федерациясының президентінен шақыру алғанда, көп ойланбастан келісім бердім. Қазақстанға алғашқы сапарым. Сіздің елге келгеніме өте қуаныштымын.
Қазақстанда үлкен теннисті дамыту мақсатында ұйымдастырылып отырған шара жанкүйерлер мен жас теннисшілер үшін бағасы жоқ мүмкіндік.
25-ші қазан күні Павлодар қаласында тұңғыш рет қазақ күресінен «Әлем Барысы» халықаралық турнирі өтеді. Дүбірлі додаға 5 құрлықтың мықтылары қатысады. Байрақты бәсекеде Қазақстанның намысын еліміздің бетке ұстар палуандары қорғайды.
Арман Шораев, «Қазақстан Барысы» турнирінің жоба идеясының авторы:
Біздің елдің атынан қосымша тағы да төрт палуан қатысады. Төртеуі «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Әлі тізімін толық анықтаған жоқпыз. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, ол спортшылардың дайындығына және жарақатына байланысты. Әдемі жарыс болады деп ойлаймыз.
Сонымен қатар, 22-ші қараша күні Тараз қаласында 2-ші «Еуразия Барысы» халықаралық жарысы өтеді. Бұл турнирге 12 елдің палуандары қатысады деп күтілуде.
Самат ҚАНАҒАТОВ