Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы маңында апатқа ұшыраған ұшақтың мүшелері тірі болуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2014
  • 1411

Алматы облысында апатқа ұшыраған СУ-27 әскери ұшағының экипаж мүшелері тірі болуы мүмкін. Мұндай болжамды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілдері жасап отыр.

Апат кезінде ұшақ бортында болған подполковник Ерлан Науанов пен Денис Горбуновты іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Министрліктегілер апат орнында экипаждың қаза тапқанын білдіретін дәлелді заттардың болмағанын жеткізді. Сондай-ақ, «қара жәшік» те әлі табылған жоқ.

Белгілі болғандай, апат кезінде ұшақ тізгінінде Науанов болған. Сондай-ақ, ведомствоның баспасөз қызметі апатқа себеп болуы мүмкін жағдайларды атады. Ұшақтың құлауы техникалық ақаумен немесе адам факторымен байланысты болуы ықтимал деген болжам айтылуда.

Еске салайық, кеше кешкі сағат 20:42 шамасында Алматы облысы аумағында оқу жаттығу мақсатында әуеге көтерілген әскери ұшақ белгісіз себептермен апатқа ұшырады.

Марат Уашпаев, ҚР Қарулы күштері әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары:

Әзірге іздестіру жұмыстарының нәтижесі бойынша ұшақ құлаған жерден экипаж мүшелерінің қаза болу фактілері анықталмады. «Қара жәшік» те табылған жоқ. Ұшқыштар аман болуы мүмкін. Апаттың себебін анықтау жұмыстары мен ұшқыштарды іздестіруді жалғастыра береміз.

Тағы бір ақпар. Осы ұшақ апатынан соң елімізде Су-27 әскери ұшағының қолданылуына уақытша тыйым салынды. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, бұл оқиғаның себептері анықталғанша жалғасады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ