Батыс Қазақстан облысында тамыз айында жоғалып кетіп, осыдан бірер күн бұрын табылған Айдана Досқалиеваны өлтірді деген күдікпен 40 жастағы азамат ұсталды. Ол бұған дейін ұрлық жасағаны және кісі тонағаны үшін бес рет сотталған екен. Күдікті 25 жастағы қызды өлтірерден бұрын, зорлаған болуы мүмкін. Оқиға орнын тексеру және сот-медициналық сараптаманың нәтижесіне қарағанда, жәбірленушінің зорланғаны анықталған.
«ҚазАқпарат»-тың хабарлауынша, ұсталған азаматтан «ВАЗ-2106» автокөлігі тәркіленген. Күдікті өзінің қылмысы жөнінде айтқан куәгерлер де анықталды.
Естеріңізге салайық, 1 жарым ай бойы іздеуде болған Айдана Досқалиеваның денесі осы аптаның басында өзен жағасынан табылды. Ол Орал қаласынан ауылына келе жатқан кезде жоғалып кеткен еді.
Илхам ИБРАГИМ