Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорданың «Айнұр Астана» кооперативі құрылыс қымбаттады деп үлескерлерден қосымша жарна талап етті

  • AstanaTV
  • 25 қыркүйек 2014
  • 1594

Үлескерлерге қатысты қиындық Астананың шаруашылық басқармасы қызметкерлерінің басына түсті. Тұрғын үй құрылыс кооперативіне бірігіп, өздері үшін арзан баспана салуға бекінген қызметшілер, қоныс тойын шегеруге мәжбүр. Шаруашылық басқармасы басшылығының мақұлдауымен құрылған «Айнұр Астана» кооперативі құрылыстың қымбаттағанын алға тартып, осымен екінші рет үлескерлерден қосымша жарна талап етіп отыр. Нәтижесінде, пәтерлердің әуелгі бағасы едәуір қымбаттап кетті. Қызметшілер мен басшылықты араздастырған арзан пәтерлер проблемасы туралы Азамат Алдоңғаров айтып береді.

Жәнібек-Керей хандар даңғылы мен Сауран көшесі қиылысындағы «Айнұр Астана» кешенінің құрылысы 2012-жылы басталған. 202 пәтердің иелерінің басым көпшілігі қалалық басқарма қызметкерлері.

Үлескерлердің айтуынша, тұрғын үй кооперативі осы мекеме басшыларының бастамасымен құрылған. Қызметшілердің мүмкіндігіне қарай баспана құны әу баста шаршы метрі үшін 650 доллардан бекітілген. Сол жылдың тамызында үлескерлер мен кооператив арасында екі жақты келісім-шарт жасалып, пәтер құнының 30 пайызы төленген. Арада 2 айдай өткенде кооператив төрағасы жиналыс ұйымдастырып, 650 доллардың жеткіліксіздігін алға тартады. Ал, биыл құрылыс тағы қымбаттап кетіпті.

Райхан Мәкішева, үлескер:

Далада жүрген халық тезірек үйдің біткенін күтеді де, жарты халық барып 150 доллардан төлейді. Енді ол қалды ма, биыл июнь айында опять собрание жинап айтады: «Тағы 300 доллардан жинаңыздар. Ақша жетпейді». Ол ақша қайда кетіп жатыр айналайындар?

Райхан Мәкішева кооперативтің үлескерлерге есеп бермейтінін айтып, ашынады. Жоспар бойынша биылғы шілдеде дайын болуы тиіс нысанның тапсырылу мерзімі қыркүйекке шегерілген. Қосымша 300 доллар салымның қандай мақсатта жиналғанын да білмейміз, дейді үлескерлер. Шарт бойынша, қосымша шығындар пайда болған жағдайда, кооператив үлескерден жарна талап ете алады. Алайда, шешім қабылдау үшін кооператив мүшелерінің даусы ескерілуі тиіс.

Райхан Мәкішева, үлескер:

Бізде кворум жиналмай жатыр. В основном, акиматовский работниктар ғой мында кірген. Олар кішкене қорқыңқырайды. Жұмысынан айырылып қалам ба деп ойлайды. Сол үшін барлығы жиналмайды, келмейді.

Бадиша Мұхамеджарова, үлескер:

Менің осы сөздерімнен соң, жолдасым жұмыссыз қалуы мүмкін. Бірақ, айтпасыма тағы болмайды, жағдай өте ауыр. Бізден қосымша 300 доллардан талап етіп отыр. Бірақ, біз бұл ақшаны таба алмаймыз.

Талап етілген қосымша салымды қойғанда, үлескерлер арасында алғашқы 150 долларды төлемегендер де бар. Кооператив басшылығы ондайлармен арада шартты жою үшін, істі сотқа жолдаған. Келісім күші жойылған үлескерлерге кооператив ақшаны кері қайтарып беретін көрінеді. Алайда, азаматтар теңгенің құнсыздануына орай қомақты қаражаттан қағылатын болдық деп зар илеп отыр.

Тұрғын үй құрылыс кооперативі өкілдерінің пікірін білмекке қалалық әкімдікке қарасты шаруашылық басқармасына хабарластық. Қосымша жарнаның не үшін жиналғалы жатқанын түсіндірмекке басқарма басшысы болып отырған кооператив төрағасы емес, заңгері шықты. Оның сөзінше, бірінші жиналған қосымша жарна құрылыс сметасын жасаудағы олқылықтарға жұмсалса, екінші жарнаны жинауға теңге девальвациясы түрткі болған.

Еркен Аяпбергенов, «Айнұр Астана» тұрғын үй құрылыс кооперативінің заңгері:

Шешім әлі қабылданған жоқ. Жақын арада кооператив мүшелерінің жиыны өтеді. Баға тағы 300 долларға қымбаттай ма, жоқ па сонда шешіледі. Сіздер білесіздер, Ұлттық банктің шешімімен 7 ақпанда девальвация болды. Сол себепті құрылыс та қымбаттады. Біз осыны кооператив мүшелеріне айтумен келеміз. Қосымша қаражат жиналмаған жағдайда құрылыс тоқтап қалуы мүмкін.

Заңгердің айтуынша, қосымша қаражат жинаудың тағы бір себебі - әрбір пәтерге алдын ала жобада қарастырылмаған бір орындық көлік тұрағы тұрғызылмақ. Алайда, үлескерлер тұрақтан бұрын баспана керектігін айтып әуре.

Райхан Мәкішева, үлескер:

Мен ақшаны төледім, маған керек үй, баспана керек. Мен далада жүрмін, былай айтсам.

Даудың соңғы нүктесі кооператив мүшелерінің жиналысында қойылу тиіс. Егер де көпшілік қарсылық білдірсе, қосымша 300 доллар жиналмауы да мүмкін. Қоныс тойын ұзақ күткен 193 үлескердің соңғы жиналысқа 111 қатысып, 38 қосымша салымды төлеуге келісіп, 73-і қарсы қол қойыпты. Бірақ, ол жиналысты кооператив басшылығы заңсыз деп санайды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ