Ақтөбелік шаруалар картоптың жаңа түрін жерсіндіруге кірісті. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған істің нәтижесінде Голландиядан әкелінген көкөніс аймақтың сұранысын толығымен өтеуі тиіс. Осы мақсатта биыл алғаш рет «Маниту» және «Ривьера» тұқымдарынан өнім жиналды.
Тұқым өндіруші «Пригородное» серіктестігі жыл сайын картоптың бірнеше түрін нарыққа ұсынады. Алдымен жергілікті ауа райына жайлы сұрыптарды таңдап, оларды баптап өсіреді. Биыл ерте пісетін «Ривьера» мен қоңыр салқын күзге де шыдас беретін «Маниту» картобын Голландиядан жеткізген.
«Маниту» картобының қасиетіне мамандар оң баға беріп отыр. Жергілікті табиғаттың ерекшелігіне тез жерсініп, бұдан көптеп түсім алуға болады. «Пригородное» шаруа қожалығы картопты толығымен қоймаға жеткізіп үлгерген. Енді оның сақталу қасиетін қадағалайды.
Ермек Жұмағазин, «Пригородное» ЖШС директоры:
Картоптың бұл түрлері үлкен көлемде түсім алуға бағытталған. Сақтау мерзімі де ұзақ. Біз сапасы мен техникалық қасиетіне аса мән береміз. Агрономдар оның ұзақ сақталатынын және түрлі дерттерге шыдамды екендігін айтады.
80 гектар жерге егілген картопты жинауға жұмысшылар жетіңкіремей тұр. Осыған қарамастан, 15-ші қазанға дейін барлық өнімдерді жинап үлгеру жоспарланған. Биылғы түсім, шамамен гектарынан 25 тоннаны құрайды. Оның басым көпшілігі тұрақтандыру қорына жөнелтілмек.
Аймақтағы баға саясатын тұрақтандыру мақсатында қолға алынған қорда биылдың өзінде 114 млн теңгенің өнімі сақталады, деп жоспарланып отыр. Арнайы қоймада қыстың күні көкөністі сапасын жоғалтпай сақтауға мүмкіндік бар. Мұндағы өнімдердің барлығы дерлік жергілікті шаруашылықтардың егістігінен алынған. Тек пияз ғана Жамбыл облысынан әкелінеді. Бұл да мемлекет тарапынан отандық өндірушілерге көрсетілген көмек, дейді мамандар.
Батыр Артықов, «Азия Агро Холдинг» ЖШС директорының орынбасары:
Көктемде шаруа қожалықтарына қаражаттың жартысын аударған болатынбыз. Бұл егіс науқанында едәуір көмек болады. Қаржыны тұқым мен жанар-жағармай алуға жұмсайды. Біздің қоймаға көкөністер жеткізілгенде қалған ақшаны төлейміз.
Тұрақтандыру қорындағы көкөністер, негізінен коммуналдық базарлардың сөресіне шығарылады. Желтоқсан айынан бастап аймақтағы сұранысты қанағаттандыруға бағытталған.
Анар Даржанова, Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
Эксперттер осы өнімдердің сапасын тексеруде. Бүгінгі күні картоп түсіп жатыр. Бұл өзіміздің Қарғалы ауданынан келіп жатыр. Айта кету керек, осы тұрақтандыру қорына түсіп жатырған көкөністің 80 пайызы бұл жергілікті өнімдер.
«Пригородное» қожалығы жоғарғы сұрыпты тұқымды өсіруші бірден-бір шаруашылық. Аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отандық картоп тұқымын шығаруға тер төгіп жүр. Болашақта өз өнімдеріміз де голландиялық көкөніспен бәсекеге түсуге қабілетті болады, дейді шаруашылық басшылары.
Мансұр ЕСҚОЖИН