Солтүстік Қазақстанда егін жинау науқаны қызып тұр. Онымен қоса, жиналған астықты ұрлау оқиғалары да жиілеген. Осы күнге дейін 10 дерек әшкере болды. Қарақшылар жымқырған 40 тоннаға жуық астықты полицейлер шаруаларға қайтарып берді.
Аталған қылмыстар «Өнім 2014» жедел алдын алу акциясы аясында анықталды. Шара барысында полицейлер егіс алқаптарын мықтап бақылап жүр. Олардың айтуынша, күзгі жиын-терім жұмыстары қызған кезде ұрылар да өздерінің құйтырқы әрекеттерін іске асырады. Сондықтан, бұл шара орақ науқанының аяғына дейін жалғасады.
Қанат Қасенов, СҚО ІІД Криминалды полиция басқармасының бөлім бастығы:
Қыркүйектің 9-нан бастап 9-шы қазанға дейін полицейлер «Өнім 2014» жедел-алдын алу акциясы аясында танап басындағы күзетті өз қолымызға аламыз. Онда егіннің және жанар-жағармайдың ұрланбауын бақылаймыз. Бұған патрульді полиция қызметкерлері де білек сыбана кірісіп кетті. Олар бүкіл жүк көліктеріндегі астықтың құжатын тексеріп отырады. Нәтижесінде, бидай ұрланған болса, бірден анықталады.
Мансұр ЕСҚОЖИН