Оралда сапасыз жанармайдың кесірінен көлік иелері жапа шегіп отыр. Жұмыртқадан жүн қырыққан пысықай кәсіпкерлер Аи-92 бензинінің орнына Аи-80 маркалы жанармайды сатуда. Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы осындай қорытынды жасаған.
Бірақ, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланғандықтан, олардың мұндай әрекетін әшкерелеу мүмкін болмай отыр. Аталған орталық жүргізген тексерулер кезінде өз маркасына сай келмейтін бензиннің саудалануы туралы төрт оқиға анықталған. Сараптама жанармай сапасының нашарлығын айғақтаған.
Айта кеткен жөн, Кеден одағы шарттарына сай, Ресейден әкелінетін бензин Қазақстанда сертификатталмайды. «Өйткені, жанармай сол елде тиісті тексеруден өтіп, бізге құжаттарымен дайын күйде жеткізіледі, сол себепті тексеруге жатпайды», - дейді Ұлттық сертификаттау орталығы мамандары.
Гүлмира Ілиясова, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ БҚОФ бас маманы:
92-бензин нормативтік құжат бойынша тексеріп келгенде оның сапасы төмен және 85,7 октан санын көрсетті. Бензиндердің құрамында механикалық қоспалардың, судың болуы бұл көп жағдайда резервуарларды, вагондарды дұрыс тазаламауынан болады. Немесе күкіртін дұрыс тазаламаса, оның құрамында, әрине, күкірт көп болады.
Ал, заңгерлер жүргізушілердің жүйкесі мен қалтасын жұқартқан бұл бассыздықты заң арқылы ғана реттеуге болатынын айтады. Өйткені, заңда барлығы да егжей-тегжейлі ескерілген. Өкінішке орай, бұл алаяқтыққа тосқауыл қоюға көлік иелерінің өздерінде құлық жоқ.
Төреғали Ташпақов, Батыс Қазақстан облысы Адвокаттар алқасының адвокаты:
Сапасыз бензиннің кесірінен бүлінген көлігіңіздің шығынын, жанармайды тексерту үшін жұмсаған қаржыңызды кінәлі мекемеден қайырып алуға болады. Бұл үшін заңгерлерге, қорғаушыларға хабарласып, істің мән-жайын түсіндірсеңіз жеткілікті. Одан кейін бұл іспен олар өздері айналысады.
Еркін ҚАРИН