Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысында букмекерлік кеңсеге шабуыл жасаған қарақшы өзін-өзі атпақ болған

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2014
  • 1643

Қызылорда облысы Шиелі кентіндегі букмекерлік кеңсені тонаушы қолға түсіру кезінде өз-өзін атуға әрекеттенді.

Шиелі аудандық ішкі істер басқармасы дерегінше, қарақшылық шабуыл 26-қыркүйекте болған. Бетперде киген белгісіз біреу түнгі 2 жарым шамасында букмекерлік кеңсеге баса-көктеп кіріп, қолындағы шолақ мылтықпен кассирді қорқытқан. Сөйтіп, кассадағы 322 мың 700 теңгені оңай олжалайды да ізін суытады. Есін жиған кассир 1 сағаттан соң аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісіне хабарласады. Жедел іздестіру шараларының барысында тәртіп сақшылары сезікті адамның соңына түскен.

Аудандық ішкі істер басқармасы бастығы Серік Тоқтыбаевтың баяндауынша, «қолға түсіру кезінде полиция күдіктіні қоршауға алған. Ал қашуға мүмкіндік жоқтығына көзі жеткендіктен, күдікті қолындағы мылтықпен өз-өзін атуға әрекеттенген. Ішкі істер бөлімі мамандары оны дер кезінде қарусыздандырып, құрықтады», - деді басқарма бастығы. Енді оның кінәсі дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Шарипа САҚТАПОВА