Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана» телеарнасының тілшісі марапатталды

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2014
  • 1574

«Бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына психологиялық көмек» атты конференцияны көрермен мен оқырманға жақсы жеткізе білген, БАҚ өкілдері арасында өткен Республикалық конкурс қорытындыланды. Байқауды - Отбасылық Тәрбие Институты ұйымдастырған болатын. «Астана» телеарнасының тілшісі, әріптесіміз Жұрағат Баман «үздік телесюжет» номинациясы бойынша екінші орынды жеңіп алды.

Конференция 2014-жылдың 14-қыркүйегінде бір уақытта Қазақстанның 270 мектебінде өткен болатын. Отбасылық Тәрбие Институты бүкіл Қазақстан бойынша балалары биылғы жылы алғаш мектеп табалдырығын аттаған 150 мыңнан аса ата-ананың басын қосты.

Шараға Білім және ғылым министрлігі, «Нұр Отан» партиясы және Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қолдау білдірді. Байқауға Қазақстанның барлық аймағынан 70-ке тарта журналист өз жұмысын ұсынған. Топ жарып шыққан 11 журналист 4 номинация бойынша марапатталды. «Үздік телесюжет», «Үздік мақала», «Радиодағы үздік репортаж» және «Үздік фоторепортаж». Барлық жеңімпаздар қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Жұрағат Баман, «Астана» телеарнасының тілшісі:

Бүгін міне, еңбегіміз бағаланып, марапатталып жатырмыз. Қазақ халқы отбасылық құндылықтарға, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген халық қой. Бүгінде енді шындығын айту керек, бала тәрбиесі ақсап тұр. Бала өзіне емес, ата-анасына психологиялық көмек керек болып жатады. Ал, біздің арнамыз отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ