Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда «Көмірсутек саласындағы инновациялар» тақырыпты форум жұмысын бастады

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2014
  • 1398

Атырауда Қазақстан мен Ресейдің 11-ші ынтымақтастық форумы жұмысын бастады. Биылғы форум тақырыбы - «Көмірсутек саласындағы инновациялар».

Шараға жиналғандар, алдымен аталған саладағы екі елдің жетістіктері айшықталған көрмені тамашалады. Көрме залынан екі елдің ең үздік деген алпысқа жуық компаниясының өнімдері орын алды.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

Уақыт өткен сайын мұнай барлау және өндіру қиындап бара жатқанын бәріміз де біліп отырмыз. Сондықтан, жаңа технология мен терең ғылыми ізденісті пайдаланудың маңызы зор. Осы орайда ресейлік энергетиктермен, мұнайшылармен әріптестік байланыстың маңызы зор. Мен көрмеге қатысушыларға жаңа біліктілікке қол жеткізуді, үздік тәжірибемен бөлісіп, жаңа әріптестік жетістіктерге жетуді тілеймін.

Бүгін форум барысында қос елдің сауда-өнеркәсіп палаталары іскерлік кеңесінде қазақстандық өнімді Ресей аймақтарындағы нарыққа экспорттау, экпорттаушы ірі кәсіпорындардың тізімін жасақтау сияқты тақырыптарды талқылайды. Ал қос ел президенттері форум жұмысына ертең, 30-қыркүйекте қосылады.

Айта кетейік, аймақ халықаралық шараға ерекше дайындалды. Аз уақытта Салтанат сарайы мен көрме залы бой көтерді. Жолдар мен жол жиектері жаңартылды. Қонақтарды тасу үшін отандық жаңа көліктер сатып алынды. Тіпті мәртебелі меймандар жүретін көшелердің сәнсіз келбеттері, бітпеген құрылыстардың барлығы жабылып, көлегейленді. Жергілікті билік форум алдында қоғамдық көліктердің кондукторлары мен жүргізушілерінің киімдерін де жаңарту туралы шешім қабылдапты. Көйлек, жилет пен галстуктан өзге «Қазақстан және Ресей аймақаралық 11-форумы» деп жазылған төсбелгілер таратылды. Әзірге 50 дана киім орталық көшенің қоғамдық көлік қызметкерлеріне ғана берілді. Бүгін форумның алғашқы күні. Көшелерде қауіпсіздік шарасы күшейген. Әр қадам сайын полицейлер тізіліп тұр.

Базаркүл ІЗІМОВА