Алматыда жасырын ойынхана әшкере болды. Күдіктілер «Атакент» көрме аумағында орналасқан бильярд клубтарының бірінде құмар ойындарының көрігін қыздырып келген. Алматы қаласындағы мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері алдын ала түскен ақпарат бойынша тексеру жүргізіпті. Нәтижесінде, тастаяқ ойынының орнына казино ұйымдастырған кәсіпкер әшкере болған.
Аталған департамент мамандарының дерегінше, құмар ойындарын ұйымдастырушы бұрын банкте қызмет істепті. Заңсыз кәсіптің басы-қасында жүрген күдіктінің сөзіне қарағанда, несие алып, елімізде тыйым салынған кәсіп түрімен айналыса бастағанына көп болмаған. Тексерушілер келген сәтте ойын залында құмар ойындарының қызығына батқан 17 адам болғанын айтады. Олардан ойын карталары, арнайы фишкалар мен 227 мың теңге тәркіленді. Қазір алдын ала тергеу шаралары жүргізілуде.
Ерғанат Нұрбаев, Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:
Қазір заңсыз казиноға қатысы бар тұлғалар ұсталып, сұрақ алынып жатыр. Ал негізі, ол жерден айғақ ретінде 230 мың теңге, покер ойын арналған карталар мен өзге де заттар тәркіленді. Қазір олар да тиісті жағдайда тексеріліп жатыр.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ