Халықаралық терроризммен күрес, Кубаға қарсы эмбаргоны жою мен антиресейлік риторика. Осы тақырыптар Барак Обаманың АҚШ президенті ретіндегі соңғы баяндамасына арқау болды. Конгресс алдында өз жұмысын қорытындылаған Ақ үй басшысы "Америка- ең қуатты ел" екенін бірнеше рет тілге тиек етті. Сондай-ақ, "АҚШ әлсіз елге айналды" деген әңгіме қауесет екенін жеткізді.
Барак Обама, АҚШ президенті:
АҚШ экономикасының әлсіреуіне қатысты кез-келген әңгіме - бос сөз. Мұның саяси астары бар. Біздің дұшпандарымыздың саясаты деп білген жөн.
Обама, әсіресе, экономика секторына тоқталды. Айтуынша, АҚШ нағыз дамудың даңғыл жолында. Десе де, статистикалық мәліметтер бұған кереғар. Мәселен, 2016 жыл АҚШ-тың қаржы нарығы үшін соңғы 119 жылда болмаған құлдыраумен басталған. Ақ үй басшысы Ресейге қатысты пікірін де білдірді. "Федерацияның экономикасы құрдымға кетіп барады. Путиннің барлық ресурстарды Украина мен Сирияны қолдауға жұмсап жатқаны ақылға қонымсыз," - деді. Вашингтонның серіктесі Түркияның пікірі де осыған саяды.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
Ресей Сирия басшысы Башар Асадқа жақтасу үшін терроризммен қарсы күреске араласты. Бірақ Ресейдің операциялары аймаққа тек кедергі келтіруде.
АҚШ президенттігінен үміткер, миллиардер Дональд Трамп болса, Обаманың жолдауын іш пыстырарлық деп бағалады. Айтуынша, Обама оны ежіктеп жеткізген. Алайда, баяндаманы бастан-аяқ тыңдағандардың ойы басқа. Олар президенттің жалынды сөздеріне 60 рет қол шапалақтап, ерекше ықыласпен тыңдағанын айтады.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА