«Нұр Отанның» Мәжілістегі фракциясы партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасының жобасын мақұлдады. Билеуші партияның он жылға арналған жаңа Бағдарламасының жобасы бүгін Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары - «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен фракция отырысында талқыланды. Келелі басқосуға партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Нұр Отанның» Мәжілістегі фракциясының мүшелері, сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған депутаттар қатысты.
Фракция жетекшісі Дариға Назарбаева бұл жобаның қоғам мен мемлекетті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жұмылдыратын маңызды құжат екенін атап өтті. Онда «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған басты міндеттер ескерілген. Негізгі мақсат - сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісіне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Айта кетейік, аталған құжаттың жобасы 6 мыңнан астам бастауыш партия ұйымдарының, өңірлік саяси кеңестердің отырыстарында талқыланды. Тәуелсіз сарапшылар, үкіметтік емес және ғылыми ұйымдар өз ұсыныстарын жолдады. Құжат тамыз айында «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясында талқыланды. Партия мүшелерінен, сарапшылар қауымдастығынан және интернет қолданушылардан 900-ге жуық ұсыныстар түсіп, бағдарлама мәтіні 40 % -ға жетілдірілген.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі:
«Қазақстан-2050» Стартегиясының ауқымды міндеттерін іске асыру үшін, еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттердің тиімділік сапасын арттыру қажет. Біз ұсынып отырған Бағдарлама осыны көздейді.
Жиын қорытындысы бойынша фракция мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасының жобасын бірауыздан қолдап, қаулы қабылдады.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА