Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда орманнан табылған отбасының 3 баласы мен отанасы әйелдерге арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылды

  • AstanaTV
  • 15 қазан 2014
  • 1505

Орал қаласының іргесіндегі орманнан табылған отбасының 3 баласы мен отанасы әйелдерге арналған әлеуметтік оңалту және бейімдеу орталығына орналастырылды.

Балалардың денсаулығын тексерген дәрігерлер оларды анасымен бірге осы жерге жолдапты. Басында өздерін орманға кері жіберуін талап еткен балалардың анасы бүгінде ашуынан қайтқан. Олар жылы да, жайлы жерге орналастырған қамқор жандарға дән риза. Небары төрт күннің ішінде балғындар ойыншықпен ойнап, мәз-мейрам. Настя Ереминаның ендігі мақсаты - тезірек жұмысқа орналасып, баспана мәселесін шешу. Өйткені, олар бұл орталықта бір ай ғана мекендейді. Ал отбасының үлкені - Альбина ертеңнен бастап мектепке барады. Аналарының айтуынша, қазір балаларға жәрдемақы тағайындау үшін құжаттары рәсімделуде.

Анастасия Еремина, Орал қаласының тұрғыны:

Мұндай орталықтың бар екенін білсем, босқа орман кезіп жүргенше осында әлдеқашан келер едім ғой. Ендігі мақсатым - жұмысқа орналасу. Балаларға да ұнайды, жылы, тоңбайды. Жағдайымның осылай оңды шешілгеніне шүкірлік етемін, олай болмаған күнде балаларымнан айрылып қалуым да мүмкін еді ғой. Ал күйеуімді соңғы рет 10-қазан күні көрдім, содан бері хабар жоқ.

Айта кетелік, 10-қазан күні Орал қаласының іргесіндегі тоғайдан үш балалы отбасы табылған еді. Өзеннен балық аулап, саңырауқұлақ теріп күн көрген отбасы баспанасы болмағандықтан, шатырда қыстап шықпақ болған. Бірақ, журналисттердің араласуымен, олар жайлы жергілікті билік құлағдар болды. Жауапты мекемелердің араласуымен қазір ормандағы отбасы жылы мекенге орналастырылды. Жабайы боп кетуге шақ қалған олар көктемнен бері орманды мекендеп келген еді.

Еркін ҚАРИН