Екінші дубль. Қарағандыда металлургиялық кремний өндіретін зауыт қайтадан ашылды. Кәсіпорынның қайта жандануына «Бәйтерек» және «Самұрық - Қазына» ұлттық холдингтері кірісті.
Өндірісті кеңейту және кремний балқытуға арналған жаңа пешті іске қосу мақсатында қос холдинг бір жарым миллиард теңге бөлуді ұйғарған. Зауыт жылына 25 мың тонна өнім шығармақ. Оны АҚШ, Жапония және Еуропаның күн батареяларын жасаушы және химиялық өнеркәсіппен айналысатын кәсіпорындарға жөнелту көзделуде. Кремнийдің бір тоннасы 2800 долларға дейін бағаланады. Осының арқасында Қазақстанның бюджеті біраз толықпақ.
Кәсіпорынның бұрынғы иесі «Силициум Қазақстан» компаниясы біраз олқылықтарға жол берген көрінеді. Жұмыс істегеніне екі-ақ жыл болған компания банкроттыққа ұшырап, инвесторлар мен Қазақстанның даму банкіне 230 миллион доллар қарыз болып қалған. Зауыттың жаңа басшылығы бүгінде жұмысшылар жалақысын толықтай өтеді. Ендігі кезекте өндірісті ретке келтіру мәселесі тұр. Ал қарапайым қызметкерлер зауыттың жандануы ұзаққа дейін созылатындығына сенімді.
Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:
Бүгінгі таңда 300 адамдай осында жұмыс істеп келе жатыр. Олардың саны болашақта 500-ге дейін жетеді деп жоспарлап отырмыз. Тағы бір қуантарлығы, бұдан бұрын осы зауытта жұмыс істеп келген жұмыскерлер қайтадан жұмысқа оралып жатыр.
Жұрағат БАМАН