Шымкентте көмір бағасы қымбаттады. Жылыту маусымының қарсаңында Шұбаркөл көмірінің тоннасы 1 мың теңгеге көтерілді, - деп хабарлайды «Қазақпарат».
«Өткен жылы қала тұрғындары бұл көмірдің тоннасын 9 мың теңгеге сатып алса, ағымдағы жылы оның бағасы 10 мың теңге болды», - дейді көмір жеткізумен айналысатын «VIP-M» ЖШС қызметкері Ғани Мырзабаев. Оның сөзіне қарағанда, бағаның өсуіне теміржол тасымалының қымбаттауы себеп болған. Арзанырақ бағаға - 8700 теңгеге сатып алуға болатын көмір де бар, алайда оның сапасы төмен.
Үнемді тәсілдердің бірі - көмірді бірден вагондардан сатып алу. Себебі, тазартудан өткеннен кейін қатты отын бағасы қымбаттайды. Көмір тасымалдаумен айналысатын компанияның мәліметтері бойынша, қалаға қысқа жеткілікті мөлшерде 90 мың тонна көмір жеткізілген.