Петропавлда қаржы полициясының экс-басшысы Жандос Ахметовтің өлімі үшін айыпталған 3 қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты. Еске салайық, өткен жылдың желтоқсанында Солтүстік Қазақстан облысы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Жандос Ахметов киллердің қолынан қаза тапты. Бірнеше айдан кейін оқыс оқиғаға қатысы бар деген 3 күдікті ұсталды. Олардың екеуі Ресей азаматтары болып шықты. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бүгінгі сот процесі уақытша қамау абақтысында өтті. Оқиға орнынан аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин хабарлайды.
Елді елең еткізген оқиғаға қатысты сот процесі 2 айға созылып, көп ұзамай бүгін сот үкімі шықты. Сот отырысы уақытша ұстау абақтысында, мына кішігірім қамалдың арғы жағында өтті. Осыған дейін хабарлағанымыздай, қаржы полицейінің өліміне қатысы бар деген 3 азаматтың аты аталған еді.
Абдулэдир Джамалдиев қылмысты ұйымдастырушы болса, Павел Ковалев - қандықол киллер. Ал Бинали Хукиев тапаншаны өз қолымен жасап, оны сатқаны үшін айыпталып отыр. Тергеу материалдарына қарағанда, қылмыскерлер алдымен қаржы полициясының басшысы Нұрлан Шабдарды өлтірмекші болған. Кейін қателікпен оның уақытша міндетін атқарып жүрген Жандос Ахметовке оқ атқан. Алайда, сот процесі барысында сотталушылар бұл версияны жоққа шығарып, шын мәнінде Жандос Ахметовты көздегендерін мойындаған.
Бауыржан Баймұрзин, СҚО бойынша мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының бас судьясы:
Джамалдиев пен Ковалев ҚР Қылмыстық кодексінің 251-ші және 91-бабына сәйкес кінәлі деп табылып, 24 және 22 жылға бас бостандықтарынан айырылып, мемлекетке 2 млн теңге көлемінде айыппұл төлесін. Бұған қоса, Абдулэдир Джамалдиевтың бар мүлкі тәркіленсін. Ал Бинали Хукиев Қылмыстық кодекстің 251-бабына сәйкес 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлесін.
Қорғаушылардың айтуынша, Абдулэдир Джамалдиев пен Павел Ковалев тергеу ісіне септескенімен, судья оларға тым қатаң жаза тағайындады. Сондықтан адвокаттар апелляцияға жолдамақ.
-Обжаловать будете? - Будем обязательно!
Сот процесіне Жандос Ахметовтың әкесінің де көңілі толмай отыр. Қаскөйлер тиісті жазасын алса да, сот процесі барысында өлімге тапсырыс берген азамат туралы дерек айтылған жоқ дейді.
Алик Ахметов, Жандос Ахметовтың әкесі:
Қазір ең басты мәселе - менің баламның өліміне тапсырыс берген кім? Не үшін? Судьяға, осы сұраққа бөлек тоқталуға болатын еді. Бірақ ешкім ештеңе білмейді, түк те айтпайды. Бәрі құпия сақтаулы. Құқық қорғау органдарының тапсырыс берген кісіге тістері батпаса керек!
Абзал Құрманкин, тілші:
Жауап беру кезінде Абдулэдир Джамалдиев шын мәнінде тапсырысты оның ағасы Камал Джамалдиевтың бергенін айтты. Дегенмен, сот тапсырыс беруші ретінде Махманов есімді кісіні қарастырып отыр. Оған қатысты бөлек іс қозғалды. Әзірге бұл азамат полицейлердің қолына түскен жоқ. Демек, Махмахановқа қатысты сот процесінің қашан басталатыны белгісіз.
Абзал ҚҰРМАНКИН