Қазақстандық шекарашылар еліміз арқылы 30 келіге жуық есірткі заттарын өткізбекші болған Ресей және Қырғызстан азаматтарын ұстады, деп хабарлайды шекара қызметінің баспасөз қызметі.
Солтүстік шеп арқылы ресейлік азамат «Тойота РАВ-4» көлігімен жалпы салмағы 25 келіні құрайтын 48 түйінге оралған героин алып өтпекші болған. Көлікті тінту барысында оның табалдырығынан өзіндік иісі бар күдікті ақ ұнтақ табылды. Ал оңтүстіктегі қазақ-қырғыз бекетінде 49 жасар қырғыз азаматының «Мерседес» маркалы көлігінің бамперінен 36 түйін есірткі заты табылды. Оның 1 келісі героин, ал қалған 4 келісі гашиш екені анықталып отыр. Аталған деректер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Оксана Парпура, ҚР ҰҚК Шекара қызметі баспасөз қызметінің бастығы:
Бірінші дерек бойынша Ресей Федерациясының, екінші дерек бойынша Қырғызстан Республикасының азаматтары ұсталды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ