Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы Мемлекеттік университетте дінтану пәні оқытыла бастады. Әзірге тәжірибе түрінде ғана қолға алынған бастамаға студенттердің өздері қызығушылық танытыпты. Осылайша, тарих факультетінің жоғары курс студенттеріне, әлем діндерінің тарихы, дінаралық татулық пен түсіністік ұғымдары оқытылады.
Университет өкілдері бұл қадамын мектептердегі сауатты дінтанушыларға деген мұқтаждықтың болуымен байланыстырады. Сондықтан, діни ұғымдарға зайырлы тұрғыдан түсінік беріліп, әсіре діншілдіктің алдын алу мақсатында бұл пән ғылыми тұрғыда оқытылмақ. Оқу курсын тәмамдағаннан кейін сынақтан өткен тәлімгерлерге арнайы сертификаттар да беріледі.
Әсет Тасмағамбетов, М.Өтемісов атындағы БҚМУ проректоры:
Бізде бірнеше университет, оқу орындары дінтану мамандарын дайындайды. Одан шыққан мамандар әзір жеткіліксіз. Ол тек қана мектепке қатысты емес, ол мемлекет саласына, басқа да салаларға. Сондай бір жан-жақты дайындалған мамандардың тапшылығы бар әрине. Сондықтан, әсіресе мектепте дінтану сабақтарын өткізетін арнайы дайындықтан мұғалімдердің аздығына байланысты біз осындай шараны жүзеге асырып отырмыз.
Еркін ҚАРИН